«Ақтанымын Алтайдың»: Өскеменде Ақтан Нұрбаев оқулары өтті
А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында Алтайдың арынды ақыны, айтыс өнерінің шебері, жазба поэзияда өзіндік қолтаңба қалдырған Ақтан Нұрбаевтың шығармашылығына арналған «Ақтанымын Алтайдың» облыстық оқулары жоғары деңгейде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әдеби шараны Шығыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасы, А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханасы және «Ақтан Нұрбаев атындағы Шығыс Қазақстан облыстық ақындар мектебі» бірлесіп өткізді.
Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақты ұлттық рух пен поэзияның құдіретімен қауыштыру, Ақтан Нұрбаев мұрасының мән-маңызын кеңінен таныту, өлең өлкесіне қадам басқан өрендердің талантына жол ашу.
Биылғы додаға облыстың әр аймағынан 11 үміткер қатысты. Өскемен қаласының оқушыларымен қатар Тарбағатай мен Самар өңірінен келген жас ақындар да Ақтан Нұрбаевтың өлеңдерін жатқа айтып, жүрек сезімімен жеткізді. Қатысушылар алдын ала берілген 20 өлеңді мәнерлеп оқудан сынға түсіп, сөз саптаудағы шеберлігі, дауыс мәнері, бейнелеу қабілеті бойынша бағаланды.
Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін әділ саралап, жеңімпаздарды анықтады. Байқау нәтижесі төмендегідей:
Бас жүлде – Інжу Өсерхан
1-орын – Айым Кәсіп
2-орын – Жаннұр Нұржан
3-орын – Айзере Дастан
Жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.
Поэзия мен ұлттық руханиятты дәріптеген бұл кеш жас таланттардың өнеріне қанат бітіріп, Ақтан Нұрбаев жырларының жаңғыра түсуіне ерекше серпін берді. Рух пен шабытқа толы әдеби басқосу қатысушылардың да, көрермендердің де есінде қаларлық мәдени шара болды.
Айжанат Бақытқызы






