KZ
Өскемен
-6°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
505.53 593.44 6.34

Өскеменде облыстық оқушылар айтысы өтті

23.10.2025, 19:00 238 Базарова Айгүл

Республика күні мерекесі қарсаңында А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада "Жырың болып төгілемін" атты облыстық оқушылар айтысы өтті, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айтысты ұйымдастырудағы басты мақсат - қазақ халқының дәстүрлі айтыс өнерін Шығыс өңірінде де дамытып, болашақта облыстық, республикалық жыр сайыстарында лайықты өнер көрсете алатын шәкірттерді осы бастан даярлап, бабадан балаға мұра болып қалған рухани мирасты ел арасында мейлінше насихатталуына назар аудару.

Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен жыл басында А.С.Пушкин атындағы кітапхана жанынан ашылған Ақтан Нұрбаев атындағы ақындар мектебі ұйымдастырған оқушылар айтысына сегіз оқушы ақын қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

Өскемендегі №35 орта мектебінің 6-7 сынып оқушылары, А.Нұрбаев атындағы ақындар мектебінің шәкірттері Самғар Айдархан мен Фарид Қыдырмолдин айтыстан тыс бастап берген оқушылар айтысы өзінің балаңдығымен де, аңғалдығымен де жиналған жұртшылықты тәнті етті.

Абай атындағы №33 орта мектеп оқушылары Саяла Серікбек, Нұрай Нұрбек, Мұхтар Мұратханұлы, Руслан Силамбек, №49 мектептің 7 сынып оқушысы Айғаным Мирхатқызы, сондай-ақ, Тарбағатай ауданының Жетіарал,  А.Байтұрсынов атындағы мектеп оқушылары Айгүл Дашын мен Жания Ержан сынды жас ақындар көпшілік алдына алғаш шығып тұрғандарына қарамастан айтыс өнерінің қыры мен сырын бір адамдай меңгеріп қалғандарын аңғартты.

Айтыс барысында айтылған жарасымды әзілдер мен табан астында суырып салып айтылған шумақтар - шығысқазақстандық оқушылар айтысының болашағынан зор үміт күтуге болатындығын дәлелдеді.

– Бұл айтыс - биыл ғана ашылған А.Нұрбаев атындағы облыстық ақындар мектебінің алғашқы атқарып жатқан жұмыстары мен ізденістері деп қабылдаңыздар. Болашақта бұл бастамамыздың ауқымын кеңейтіп, "Ел іші - өнер кеніші" дегендей, ел арасында, аудандарда да ұйымдастырамыз ба" деген ойымыз бар, - дейді ақындар мектебінің жетекшісі белгілі айтыскер ақын, таяуда ғана "Айтыстың ақтаңгері" атағын иеленген Серік Қуанған.

Сонымен үш сағатқа созылған сөз сайысын қорытындылаған қазылар алқасы бұл айтыстың бас жүлдесіне Тарбағатай ауданынан келген Жетіарал мектеп-балабақша кешенінің 11 сынып оқушысы Жания Ержан лайық деп таныды.

Жүлделі бірінші орынды Нұрлы көш ауылының Абай атындағы №33 мектептің 11 сынып оқушысы Руслан Силамбек қанжығасына байласа, екінші орынға тағы да Абай атындағы №33 мектептің 10 сынып оқушысы Мұхтар Мұратханұлы мен Тарбағатай ауданынан келген А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Айгүл Дашын табан тіреді.

Айтысқа қатысқан барлық өнерпаздарға мақтау грамоталарымен қоса арнайы сыйлықтар табыс етілді.


Серік ҚҰСАНБАЕВ.


  

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу