KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
503.44 593.35 6.55

Биыл өңдеу өнеркәсібі экономикалық өсімінің драйверіне айналмақ

14.01.2026, 12:30 139 Ержан Әбіш

Үкіметте 2026 жылы экономиканың жоғары өсу қарқынын сақтау тетіктері талқыланды. Негізгі басым бағыт ретінде өңдеу өнеркәсібін жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсімін қамтамасыз ететін негізгі драйверлердің біріне айналдыру көзделіп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өңдеу өнеркәсібін дамытудың жол картасын әзірледі. Онда әрбір сектор бойынша нақты шаралар мен даму бағыттары айқындалған. Бұл туралы Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың биылғы алғашқы отырысында айтылды.

Экономикалық штаб отырыстарында өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы жүйелік рөлі ескеріле отырып, саланың әрбір бағыты жеке қаралатын болады. Бұл ретте әлсіз тұстар, шектеулер мен өсімге кедергі келтіретін факторлар жан-жақты талданады. Осы мақсатта штаб жұмысына салалық қауымдастықтар мен ірі нарық қатысушыларын тарту жоспарланып отыр.

Өңдеу өнеркәсібінің шамамен 40 пайызын құрайтын металлургия саласына ерекше назар аударылуда. 2026 жылы түсті және қара металлургияны дамыту есебінен саладағы нақты көлем индексі 103 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Металлургияның сауда саласындағы үлесі де шамамен 5 пайызды құрайды, бұл өндіріс көлемінің артуы арқылы тауар айналымының өсуіне қосымша серпін береді.

Машина жасау саласында 2026 жылы 13,4 пайыздық өсім күтілуде. Бұл жеңіл және жүк автомобильдерін, арнайы техниканы, ауыл шаруашылығы машиналарын, теміржол вагондары мен платформаларын, сондай-ақ тұрмыстық техниканы өндіру көлемін ұлғайту арқылы қамтамасыз етілмек.
Химия өнеркәсібінде қолданыстағы және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 7 пайыздық өсім жоспарланған. Ал құрылыс материалдары өндірісінде портландцемент, керамикалық плита, темірбетон бұйымдары мен тауарлық бетон өндірісін арттыру арқылы 6 пайыздық өсімге қол жеткізу көзделуде.

Құрылыс саласы 2025 жылы рекордтық көрсеткішке жетіп, 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы қарқынды 2026 жылы да сақтау міндеті өңірлер мен жауапты мемлекеттік органдарға жүктелді.

Сауда саласында нақты көлем индексін кемінде 6,5 пайыз деңгейінде ұстап тұру мақсаты қойылған. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде астықты экспорттауды ұлғайту, сондай-ақ ел ішінде азық-түлік және азық-түлік емес тауар өндірісін арттыру арқылы жүзеге асырылмақ.

Саудадағы өсімнің негізгі драйвері ретінде ұйымдасқан көтерме сауданы дамыту қарастырылып отыр. 2026 жылдан бастап өндірушілер мен ішкі сауда субъектілері арасында тікелей жеткізуді қамтамасыз ететін B2B электрондық көтерме сауда алаңдары толық іске қосылады. Сонымен қатар баға белгілеудің ашықтығын арттыруға және артық делдалдықты қысқартуға бағытталған көтерме сатып алу стандарты енгізіледі.

Көлік және қоймалау саласында да жоғары өсім қарқыны сақталады. Бірінші тоқсанда 6,1 пайыздық өсім болжанып отыр. Жыл қорытындысы бойынша саладағы өсім 9,6 пайызға жетуі мүмкін. Бұл 11 мың шақырым автожолды жөндеу, бірқатар теміржол желілерінің құрылысын аяқтау, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларын іске қосу, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын жаңғырту есебінен қамтамасыз етіледі.

Отырыс қорытындысында вице-премьер өңірлерге бюджеттік шектеулер жағдайында экономиканың негізгі салаларындағы өсім қарқынын төмендетіп алмау жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында экономиканың тиісті секторларын дамытуға ерекше көңіл бөлінетіні атап өтілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу