Жыл басынан бері ел экономикасы 6,2%-ға өсті
Фото: ҚР Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан экономикасы 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 6,2%-ға өсті. Бұл – соңғы 14 жылда тіркелген ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне сілтеме жасап.
Премьер-министр Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл көрсеткіш жыл басынан бергі бес айдағы деңгейден 0,2 пайыздық тармаққа жоғары. Салыстырмалы түрде алғанда, 2024 жылдың сәйкес кезеңінде экономика өсімі 3,2%-ды құраған болатын.
Экономикалық серпілістің негізгі қозғаушы күштері – нақты сектор мен қызмет көрсету саласы. Нақты сектор 8%-ға, қызмет көрсету саласы 5,2%-ға ұлғайған.
Атап айтқанда: көлік саласында өсім – 22,7% ; құрылыс – 18,4%; сауда және тау-кен өнеркәсібі – 8,4%; өңдеу өнеркәсібі – 5,5%; ауыл шаруашылығы – 3,7%.
Роксана Глыбова