Білім грантын жұмыспен өтеуден босатылатындардың санаты артуы ықтимал
Фото: egemen.kz
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар білім гранты бойынша міндетті жұмыспен өтеу талабынан босатылуы мүмкін.
Парламент депутаттары мәдениет және білім мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзету енгізу туралы бастама көтерген, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Биыл Мәжіліс депутаттары Үкіметке мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарды және мүгедек адамдардың қамқоршыларын білім грантын жұмыспен өтеу талабынан босату жайында сауал жолдады. Себебі осы ата-аналар көбінесе балаларының ауруына байланысты алған грантын жұмыспен өтей алмайды, яғни балаларға тұрақты күтім қажет. Мұндай ата-аналардың арасында мүгедектігі бар баланы жалғыз тәрбиелейтіндер көп.
Осы депутаттық сауалға берген жауабында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Парламент депутаттары мәдениет және білім мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге түзету енгізу туралы бастама көтергенін айтты.
Бұл тұрғыда «Білім туралы» Заңға аталған санаттағы адамдарға қатысты грантты жұмыспен өтеуден босату жөнінде тиісті норманы енгізу ұсынылып отыр.
Атап айтқанда, 18 жасқа толмаған мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдарды осы міндеттен босату ескерілген.
Сонымен қатар І топтағы мүгедек саналатын отбасы мүшесіне, ІІ топтағы жалғызбасты мүгедекке және көмекке мұқтаж зейнеткерге, сондай-ақ қарттарға күтім жасап отырған адамдарға да тиісті жеңілдік берілуі мүмкін.