Инклюзивті білім беруде олқылықтар анықталды – ШҚО
Фото: gov.kz
ШҚО прокуратурасының дерегінше, өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10 мыңнан астам бала тұрады. Мемлекет ол балаларға білім алуға жағдай жасауы тиіс.
Инклюзивті біліммен қамтылған балалардың құқығы қорғалуын тексеру нәтижесінде уәкілетті мемлекеттік органдар бірқатар олқылыққа жол бергені анықталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
18 тамызда Прокуратурада өткен кеңейтілген алқа отырысында ерекше білім беру және медициналық қажеттіліктері бар балалардың құқығын қорғау мәселесі қаралды.
Тексеру барысында бірқатар олқылық анықталған. Дәлірек айтқанда, түзету кабинеттері, ПМПК, арнайы білім мекемелерінің жетіспеуі, мектепке дейінгі арнайы ұйымдардың қолжетімділік талаптарына сай келмеуі, педагог тапшылығы анықталған.
3 түзету кабинетінің болмауынан 441 балаға арнайы көмек көрсетілмеген. 2016 жылдан бері есту қабілеті нашар 5 жасқа дейінгі балаларға арналған арнайы топтар жұмыс істемейді. ПМПК жетіспеуі салдарынан 803 бала кезекте тұр.
Аймақтағы 342 мектептің 80-де оқуға қажетті жағдай жасалмаған. Сонымен қатар 2 мектепте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеген 49 қызметкерге қосымша ақы төленбеген.
ШҚО прокуратурасы осы деректер бойынша қадағалау акті енгізілгенін мәлімдеді.