18 тамыз күні облыс прокуроры Алмат Байшолақовтың төрағалығымен кеңейтілген алқа отырысында ерекше білім беру және медициналық қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын сақтау мәселесі қаралды.
Отырыс барысында прокурор өңірдегі 80 мектепте ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуына жағдай жасалмағанын атап өтті, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
- Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 10 мыңнан астам бала тұрады. Оларға мемлекет білім беруге тең қол жеткізу үшін жағдай жасауы тиіс. Инклюзивті біліммен қамтылған балалардың құқықтарының сақталуын тексеру нәтижелері уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан жол берілген бірқатар құқық бұзушылықтардың бар екендігін көрсетті, - деді ол.
Жүргізілген тексеру қортындысына сүйенсек, түзету кабинеттерінің, ПМПК, бейімделген білім беру мекемелерінің жетіспеушілігі, арнайы мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділік талаптарына сәйкес келмеуі, педагогтардың тапшылығы анықталған.
- Мысалы, үш түзету кабинетінің болмауы салдарынан 441 балаға қолдау көрсетілмеген. 2016 жылдан бастап есту қабілеті нашар 5 жасқа дейінгі балаларға арналған топтар болмаған. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның жетіспеушілігі 803 баланың кезегіне алып келді. Өңірдегі 342 мектептің 80-де ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алуына жағдай жасалмаған. Екі мектепте 49 қызметкерге ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істегені үшін қосымша ақы төленбеген, - деп көрсетті Алмат Байшолақов.
Барлық бұзушылықтар бойынша прокуратура қадағалау актілерін енгізген.
Осы орайда, естеріңізге сала кетейік, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде ШҚО білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева білім беру ұйымдарында инклюзивті оқытуға жағдай жасалғанын айтқан болатын.
- Облыс көлемінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету үшін 24 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Атап айтқанда, өңірде ерекше балалар білім алатын 6 мектеп-интернат, 5 арнайы балабақша, 8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 1 оңалту орталығы, "Асыл Мирас" атты аутизм орталығы және үш психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар қарастырылған, - деді ол.