KZ
Өскемен
-11°
переменная облачность жел 3 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Өскемендіктерге табиғи өнім аудандардан тікелей жеткізіледі

23.11.2023, 20:57 268

ШҚО-да азық-түлік тауарларын өндіру мен тұтынудың бірыңғай теңгерімі әзірленді.

 

Өндіру мен тұтыну балансы азық-түлік тауарларына деген қажеттілікті дәл анықтап, тұтыну нарығының сұранысы мен жағдаятына шұғыл жауап беруге, әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.

 

ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасының ақпараты бойынша, жуырда облыс орталығында «Алтай» көтерме-тарату орталығы (КТО) ашылады.

 

– Ондағы негізгі мақсат – фермер мен тұтынушының арасында ауыл шаруашылығы өнімінің делдалсыз саудалануын ұйымдастыру, - дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова. – Сонымен қатар ол жерде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтап ғана қоймай ішінара өңдеуге де мүмкіндік болады. Ол үшін көтерме-тарату орталығында 45 мың тоннаға дейін түрлі өнімдер сақтайтын екі көкөніс қоймасы жұмыс істейді. 
 


Көтерме-тарату орталығына Шығыс Қазақстан облысының барлық ауданы өнім жеткізетін болады. Жоспар бойынша орталыққа ай сайын 450 тонна ет, балық өнімдерін және 3 мыңға жуық тонна көкөніс жеткізу көзделген.

 

– Өз кезегінде сүт өнімдерін жеткізуді өңірдегі сүт өңдеумен айналысатын барлық кәсіпорын жүзеге асырады, – дейді Диляра Жылқайдарова. – Орталыққа ай сайын 570 тонна сүт өнімдерін жеткізу жоспарда бар. Оның ішінде 339 тонна пастерленген сүт, 18 тонна сары май, 165 тонна айран, 50 тонна сүзбе.
 


Азық-түлік тауарлары мен нан-тоқаш өнімдерін Өскемендегі өңдеу кәсіпорындары, сондай-ақ облыс орталығына жақын бес аудан жеткізіп отырады.

 

Жауапты басқарма облыс орталығындағы көтерме жеткізушілерді тарту бойынша жұмыс жүргізеді. Олардың қатарында «Өскемен-Қант» ЖШС, «Алтын-Қазан» ЖШС, «Антоненко» ЖК, «Ищанов» ЖК бар. Бұл ұйымдар өңірімізде өндірілмейтін күріш, қант, тұз сияқты азық-түлік тауарларын жеткізумен айналысады.

 

Макарон өнімдерін жеткізуде де дәл осындай тәсіл қолданылады. Өйткені Шығыс Қазақстан аталған өнімдерді өндіретін кәсіпорындар әзірге жоқ. Сондықтан өңірімізге көрші Абай облысынан макарон өнімдерін өндіретін ірі кәсіпорындарды тарту жоспарланып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу