ШҚО-да биыл оперетта театры ашылады
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Ресей Федерациясының Свердлов облысынан келген делегациямен кездесті.
Өңір басшысы облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Бұдан бөлек кездесуде білім, туризм, мәдениет, медицина, өнеркәсіп, инвестиция тарту салаларындағы өзара тиімді қатынастарды одан әрі арттыру маңызды екені айтылды, деп хабарлайды Altaіnews.kz тілшісі.
Өнеркәсібі алға озған өңірден келген меймандар ұсыныстар мен жобаларын ортаға салды. Орман алқабын игерудегі жұмыстарын атап өтті. Өз кезегінде ШҚО әкімі өртке оранған жерлерді қалпына келтіру бойынша өзара тәжірибе алмасу керектігін жеткізді.
Сондай-ақ кездесу барысында өнер, мәдениет саласы жайлы сөз болды. Өңір басшысы облыста былтыр жергілікті әртістер музыкалық-театр жанрына алғаш қадам жасап, «Ертіс концерт» залының сахнасында тұңғыш рет Иоганн Штраустың «Жарқанат» опереттасын қойғанын, өнерсүйер қауым қойылымға жоғары баға бергенін жеткізді. Биыл Өскеменде оперетта театры ашылады. Сонымен қатар өнер ұжымы Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсын сахналауға дайындалып жатқаны, Наурыз мейрамы қарсаңында көрерменге жол тартатыны айтылды.
Аймақ басшысы өнердің бұл түрі жақсы дамыған Свердлов облысының осы саладағы тәжірибесі Шығыс Қазақстан үшін қызықты екенін атап өтті. Сондай-ақ кездесуде екі өңір кітапханалары мен мұражайлары арасындағы ынтымақтастық та талқыланды.
Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан мен Свердлов облыстары барлық салада тығыз қарым-қатынас орнатып, бірқатар жобаларды бастауға әзір. Тараптар бұл бастамалардың екі ел арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтереріне сенім білдірді.
Қуаныш Рахметоллаұлы