Алтай ауданы орман өртінің алдын алуға дайын
Алтай ауданының әкімі Қалиқан Байғонысов орман өртінің алдын алуға дайындық бойынша тапсырма берді. Осыған орай әкімнің орынбасары Сергей Охременко «Зырян орман шаруашылығы» КММ-нің өрт қауіпі жоғары маусымға дайындық жөнінде арнайы жиын өткізді деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Жиында жергілікті орман шаруашылығының жұмысшылары өртке дайын екені айтылды. Жаз мезгілінің алдында орман шаруашылығында толықтай қауіптің алды алынған екен. Жұмысшылар арнайы дайындықтан өтті, барлық өрт сөндіру техникалары мен құрал-жабдықтар, жанар-жағармай қоры әзірленді. Одан бөлек, орман шауашылықтары, кәсіпорындар бойынша өртке қарсы шаралар жоспары бекітіліпті. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдерімен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру шаралары өткізілді. Ауыл шаруашылық бөліміне ауыл шаруашылық жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бақылау туралы ескертілді.
Аудан әкімінің орынбасары Сергей Охременко орман және дала өрттерін жою бойынша оқу-жаттығу өткізу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берді.