KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 1 м/с, СБ
479.23 534.96 5.16

Шығысқа Қытайдан бір миллион турист келмек

Фото: gov.kz

29.02.2024, 19:00 114 Нұржан Кенжеұлы

Биыл Зайсан ауданындағы «Майқапшағай» бақылау-өткізу бекеті арқылы елімізге бір миллион қытайлық турист келіп қайтуы мүмкін.

Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Ағымдағы жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты, облыста бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Әсіресе, экологиялық және ауыл туризм бағыттарына басымдық берілмек. Шығыстағы көршіміздің Шыңжан Ұйғыр автономиялық ауданының үкіметі бір жыл көлемінде «Майқапшағай» бақылау-өткізу бекеті арқылы елімізге бір миллион туристі жіберуге дайын екенін жеткізді, – деп хабарлады басқарма басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, мұның өзі облыста бірнеше инфрақұрылымдық жобаны жеделдетіп жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Бұл бірінші кезекте жолға қатысты.

– Өңірдің туризм саласын дамытуға инвестиция тартуды жалғастырамыз. Әрине, сала үшін ең маңызды мәселенің бірі – логистика. Аймақ басшылығының бастамасымен 2024 жыл Шығыс Қазақстандағы «Жолдар жылы» болып жарияланған.  Осыған байланысты, ағымдағы жылға арналған жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жоспары әзірленді. Жалпы сомасы 28,5 миллиард теңгені құрайтын жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 600 шақырым жолды қамтымақ. Оның ішінде туристік нысандарға апаратын маршруттар бойынша 4,1 миллиард теңгеге 121 шақырым жолды қалпына келтіру жоспарланып отыр, – дейді М.Қабақов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив