ШҚО-да тағы бір құс фабрикасы салынуы мүмкін
ШҚО-да тағы бір құс фабрикасы салынуы мүмкін, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы бүгін облысымызға ресми сапармен келген Шыңжан Ұйғыр автономиясы, Халық үкіметі төрағасының орынбасары Чжао Чунцзюмен кездесуде аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанға сапары барысында Чунцзю мырза бастаған қытайлық делегация Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да, сонымен қатар Үлбі металлургиялық зауытында болып, ондағы жұмыспен танысып қайтқан. Шетелдік қонақтар облысымызға сапарының басты мақсаты бірқатар саладағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жағын талқылау болғанын айтты. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы қызықтыратынын жасырмады. Аймақ басшысы Даниал Ахметов те Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл агросектордегі әріптестік аса маңызды екенін жеткізіп, қонақтар назарына бірнеше жобаны ұсынды.
– Облысымызда жаңа құс фабрикасын салуды жоспарлаудамыз. Бұл – ауқымды жоба. Аталмыш мақсатқа 40 мың гектар жер бөлеміз. Тағы 300 гектарға жуық телімде фабриканың негізгі базасы орналасатын болады. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 30 мың тонна құс етін өндіруі тиіс. Міне, осы бір жобаны жүзеге асыруға сіздер де атсалыссаңыздар деген тілегіміз бар. Жалпы, біздің облыста ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп жатқан бірнеше бірлескен қазақ-қытай кәсіпорыны бар. Мәселен, Көкпекті ауданында құрылған дәл осындай компанияның бірі бүгінде Қытай еліне балық өнімдерін экспорттаумен айналысуда. Сол сияқты Бесқарағай, Үржар аудандарында да бірлескен кәсіпорындарымыз нәтижелі жұмыс жүргізуде. Біз, сонымен қатар Қытайға ет өнімдерін экспорттауға мүдделіміз. Бұған әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де жетеді, – деген облыс әкімі Үрімжі мен Шәуешек қалалары аралығында салынған жаңа теміржол екі ел аймақ арасындағы байланысты бұдан сайын бекіте түсетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде шетелдік делегацияны бастап келген Чжао Чунцзю мырза аймақ басшысына шақыртуы үшін алғыс айтып, Шыңжан Ұйғыр автономиясы үшін Шығыс Қазақстан облысы негізгі стратегиялық әріптестердің бірі екенін жеткізді.
– Біз де әріптестігіміз баянды болғанын қалаймыз. Және осы бағытта жұмыс жүргізуге әзірміз. Бүгінде Шығыс Қазақстанда екі өңірдің кәсіпкерлері құрған 12 бірлескен компания бар екен. Сіздердің облыстарыңызда өндірілетін ауылшаруашылық өнімдері жоғары сапаға ие екенін де білемін. Әсіресе, бидай, ұн мен майлы дақылдарыңызды мақтайды. Біз Шығыс Қазақстан облысынан осы сияқты өнімдерді көбірек алғымыз келеді. Туризм саласын да дамытуға ниеттіміз. Өткен жылдың қараша айында Үрімжі қаласында кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізген болатынбыз. Енді сол басқосуда қол жеткізген уағдаластықтарымызды іс жүзінде орындауға даярмыз, – деді Чжао Чунцзю мырза.
Кездесу барасында екі өңірдің білім, ғылым, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы әріптестігі де сөз болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірқатар екіжақты хаттамаға қол қойды.