KZ
Өскемен
-17°
пасмурно жел 1,4 м/с, В
498.34 519.72 4.85

Катонқарағайда туристік ақпарат орталығы құрылады

29.06.2022, 18:02 307

Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысында 4 нысанды дамуға басымдық берілген. Олар: Бұқтырма су қоймасы, Катонқарағай ұлттық саябағы, Риддер қаласының және Глубокое ауданының шаңғы кластері.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов айтты.
Экологиялық және ауылдық туризмді дамытуда келешегі бар Катонқарағай аймағындағы ұлттық саябақ - елдегі ең үлкен саябақтардың бірі. Онда жалпы ұзындығы 680 шақырымды құрайтын 14 туристік бағыт мен соқпақты жолдар бар.

– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауыл туризмін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Берел ауылының 24 тұрғыны кәсіпкерлік негіздері курсын оқып, бітірді. 18 жеке кәсіпкер тіркеліп, оның 15-і «Еңбек» бағдарламасы бойынша 583 мың теңге грант алды. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 1 жобаға 5 миллион теңге берілді, – деді Марат Қабақов.

Сондай-ақ, «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры әр кәсіпкерге 500 мың теңгеден грант берді.

– Бұл қаражатқа кәсіпкерлер ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді, жиһаздарды жаңартты, атпен серуен ұйымдастыру үшін жылқылар сатып алды. Биыл маусым айының басынан бері алғашқы туристерді қабылдау басталып та кетті, – деді спикер.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, Үлкен-Нарын ауылында Туристік ақпарат орталығын құру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол орталықта 10 қызметкер тұрақты жұмыс істеп, жергілікті туристік өнімдер, саяхаттауға болатын орындар туралы хабар беріп, қызмет көрсетеді.

– Жыл басында Катонқарағай ауданындағы Өрел ауылында құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын 150 орындық «Мұзтау» туристік кешені ашылды. Өскемен қаласында құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын 200 орындық 3 қонақ үйдің, 900 миллион теңгеге Бұқтырма су қоймасындағы демалыс базасының құрылысы аяқталып қалды, – деді Марат Қабақов.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу