KZ
Өскемен
ясно жел 1,4 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Ауылдардағы ауызсумен жабдықтау желілері тексеріліп жатыр – ШҚО

30.05.2024, 16:44 147 Ержан Әбіш

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстандағы 356 ауылдың 342-сі ауызсумен қамтылған. Аталған 342 ауылдың 225-інде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі бар, ал 117 ауылда су тазартатын блокты-молульді стансалар орнатылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл ретте аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес осы жылдың 20 мамырынан бастап облыс әкімінің кеңесші Ермак Сәлімов энергетика және ТҮКШ басқармасының мамандарымен бірге ауылдық округтердегі блоктық-модульдік станциялар мен жаңадан салынған су құбырларының жай-күйін тексеріп, тұрғындарды таза сумен қамтуға қатысты мәселелерді анықтап жатыр.

Әзірше тексеру шаралары Үлкен Нарын, Катонқарғай, Алтай және Ұлан аудандарындағы 48 ауылда жүргізілді. Сумен жабдықтау жүйелерінің жұмыс жағдайы жан-жақты зерделенді. Жұмыстар өзге аудандарда да жалғасады.

Жалпы, блокты-модульді станциялардың және су құбырларының жай-күйін қанағаттанарлық деп бағалауға болады. Алайда сумен жабдықтау жүйесін жаңарту және дамыту керек, атап айтқанда жөндеу, қосымша жабдықтар орнату, сондай-ақ коммуналдық мекемелердің қызметкерлерін оқыту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу қажет.

Марқакөл ауданындағы Боран ауылын сумен жабдықтауға қатысты мәселе бар. Нысан 2020 жылдың қазан айында пайдалануға берілген. Ережеге сәйкес су құбыры тікелей тұтынушы учаскесінің шекарасына дейін жеткізіледі, содан кейін учаскенің (тұрғын үйдің) иесі құбырды өз қаражаты есебінен тартады. Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір тұрғын орталықтандырылған сумен жабдықтау желісіне қосылмаған (822 адам, 288 үй). Аудан әкімдігі тарапынан бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, суға қосылу үшін арнайы техника да ұсынылған.

2023 жылы жұмысын диагностикалау мақсатында жүйе қайта іске қосылды, құбырларға су жіберілді. Жерасты суларының көтерілуіне байланысты су құбырларындағы крандар мен клапандардың жұмысын тексеру мүмкін болмады.

Қазіргі уақытта Боран ауылының сумен жабдықтау жүйесі тұтынушылардың болмауына байланысты өшірілген. Су құбырлары жұмыс істеу үшін ауыл тұрғындары сумен жабдықтауға қосылуы қажет. Бұл ретте аудан әкімдігі көмек көрсететін болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив