Алаяқтар енді қазақша сөйлеп, бейнеқоңырау шалады: жасанды интеллект арқылы алдау әдістері көбейіп барады
Соңғы уақытта алаяқтар алдау тәсілдерін жаңа деңгейге шығарып, жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде пайдалана бастады. Олар банк өкілдері, құқық қорғау органдары немесе тіпті жақын туыстарыңыздың атынан хабарласып, сеніміңізге кіруге тырысады. Алаяқтар шынайы адамның дауысын дәл салып, қазақ тілінде еркін сөйлеп, алданып қалуыңызға себепкер болуы мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Полиция өкілдері мұндай жағдайларда аса сақ болуға кеңес береді. Күмән тудыратын хабарламалар мен қоңырауларға байыппен қарап, келесі белгілерге назар аудару керек:
Эмоциясыз, шынайы емес дауыс;
Қисынсыз немесе шала сөйлемдер;
Қысым көрсету және асығыс әрекетке итермелеу.
Мамандар атап өткендей, алаяқтар көбінесе азаматтарды қорқыту, шұғыл көмек сұрау немесе қаржылық деректерді талап ету арқылы алдауға тырысады.