Қоғам дерті сахна төрінде: жастар театры толғандырған тақырыпты қозғады - ШҚО
Семей қаласында Шығыс Қазақстан облыстық «Ассамблея жастары» театры әлеуметтік-драмалық жанрдағы спектакль ұсынды. «Birligimiz jarasqan» жобасы аясында сахналанған қойылым қоғамда өзекті болып отырған нашақорлық пен лудомания (ойынқұмарлық) мәселелеріне арналды. Жас актерлер бұл өткір тақырыптарды ашық әрі шынайы жеткізіп, көрерменге терең ой салды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Спектакль жастар арасындағы қауіпті әдеттер мен олардың салдарын суреттейді. Қойылым барысында көрермендер жасөспірімдердің шынайы өмірде бетпе-бет келетін күрделі жағдайларын, олардың ішкі жан күйзелісі мен тығырықтан шығар жол іздеуін көре алды. Бұл тек мәдени шара емес, қоғамдық санаға әсер ететін маңызды әлеуметтік үндеу болды.
Залда ерекше әсер мен үнсіздік орнады. Спектакль соңында көрермендер қойылымның мазмұны мен актерлердің ойынына жоғары баға беріп, алғыстарын білдірді. Көпшілік бұл қойылым жастардың шынайы өмірін бейнелеп қана қоймай, олардың болашағына бейжай қарамауға шақырды деп бағалады.
«Birligimiz jarasqan» жобасы шығармашылық арқылы қоғамдағы маңызды мәселелерді қозғап, өзгеріске жол ашуды мақсат етеді. Ал «Ассамблея жастары» театры – өнердің тек көңіл көтеру құралы емес, тәрбие мен үндеудің, ықпал етудің қуатты құралы екенін дәлелдеп келеді.
Жастар театрының келесі қойылымы Астана қаласында өтпек. Онда да көрермендерді терең әлеуметтік мәселелерге арналған мазмұнды туынды күтіп тұр.






