ШҚО жастарына нашақорлықтың салдары туралы спектакль ұсынылды (видео)
Өскеменде жастар арасында нашақорлықтың зияны мен оның тағдырға әсерін арқау еткен қойылымның премьерасы өтті. «Таңдау» деп аталатын спектакль жасөспірімдерге өмірде дұрыс шешім қабылдаудың маңызын жеткізуді мақсат етеді.
Адамның тағдырын оның таңдауы айқындайды. Ал дұрыс таңдау жасау – оңай шаруа емес деген ой спектакльдің негізгі арқауына айналған. Қойылымның басты кейіпкері – спортшы болуды армандайтын Азат есімді жас жігіт. Алайда өмірдің қиындықтары, қаржылық тапшылық пен жеңіл табысқа деген қызығушылық оны қауіпті жолға түсіреді. Досының ықпалымен есірткі бизнесіне тартылып, өміріндегі ең күрделі таңдау алдында қалады.
Спектакльдің ерекше форматы жастармен бір тілде сөйлесудің тәсіліне айналды. Қойылымның авторы әрі режиссері – Жантай Тұрысбеков. Шығармада жастардың есірткі саудасына тартылуы, жеңіл табысқа құмарлық, дұрыс пен бұрыстың арасын ажыратудағы қиындықтар секілді мәселелер ашық қозғалған. Қойылым ШҚО Полиция департаментінің қолдауымен сахналанды.
Адам тағдырын таңдау айқындайды. Ал дұрыс таңдау жасау – әркімнің өз қолында. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл қойылым жастар арасындағы нашақорлық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған.