KZ
Өскемен
-15°
небольшой снег жел 2 м/с, В
513.55 602.09 6.42

Нұрымбет Сақтағанов: «2030 жылға дейін өңір экономикасын екі есеге арттыруды көздеп отырмыз»

26.09.2025, 13:00 252 Төлеуғазы Жансая

Өскеменде өтіп жатқан халықаралық «Altay Invest-2025» инвестициялық форумында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің 2030 жылға дейінгі экономикалық бағытын таныстырды. Басымдық – экономиканы екі есеге ұлғайту, инвестицияларды жеделдету, бюджет кірісін күшейту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Бұл мақсаттарға газдандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және шекаралық аймақтарды дамыту арқылы қол жеткізілмек, деп хабарлайды Altainews.kz.

Әкімнің айтуынша, облыс жаңа өсу кезеңіне қадам басып отыр. Бұл кезеңде басты назар – инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті ережелер қалыптастыруға және олардың жобаларын сүйемелдеуге бағытталмақ. Жоспарланған мақсаттар макроэкономикамен қатар, шығысқазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға да тікелей қатысты.

– 2030 жылға дейін біз алдымызға батыл әрі ауқымды міндеттер қойып отырмыз: облыстың жалпы өңірлік өнімін 5 трлн теңгеден 9,6 трлн теңгеге дейін, яғни екі есеге арттыру; негізгі капиталға салынатын инвестициялар үлесін жалпы өңірлік өнімнің 24 пайызына дейін жеткізу – бұл шамамен 2,3 трлн теңге; сондай-ақ облыс бюджетіне түсетін салықтық түсімдердің үлесін 50 пайызға дейін көтеру, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысы үшін басты құндылық – адам және аумақ.

– Алдағы жылдары облыс халқының санын 1 миллион адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін елді мекендерді газдандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, шекара маңындағы аудандарды жандандыру қажет. Бұл – ауқымды болғанымен, шынайы мақсаттар. Олар экономикалық өсім мен әлеуметтік дамуды ұштастыруға бағытталған, – деп атап өтті өңір басшысы.

Форум қатысушыларымен – инвесторлар, кәсіпкерлер және сарапшылармен пікір алмасу барысында әкім өңірдегі қолдау құралдарын және ынтымақтастық форматын түсіндірді.

– Шығыс Қазақстан жаңа кезеңге дайын. Бізде ресурс бар, инфрақұрылым бар, мамандар бар, ең бастысы – ашық серіктестікке дайынбыз. Біз «ойынның ашық ережелерін» ұсынамыз, мемлекеттік қолдау мен салықтық жеңілдіктер береміз, индустриялық аймақтар ұсынып, «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетеміз. Әр инвесторды бағалаймыз және бірге жұмыс істеуге әзірміз. Мұнда бизнесіңіздің өсуіне де, өңірдің дамуына да барлық мүмкіндік бар, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Әкімнің айтуынша, бұл бастамалар тұрғындар үшін – жаңа жұмыс орындары, ауылдардың газдандырылуы және шекаралық аймақтардың дамуы болса, бизнес үшін – тұрақты ережелер, салықтық жеңілдіктер және жобаларды сүйемелдеу жүйесі. Ал жалпы мақсаттар – жалпы өңірлік өнімді, инвестицияларды және бюджет кірісін арттыру – инфрақұрылымдық шешімдермен және кадрларды даярлаумен бірге іске асқанда өңір экономикасына қуатты серпін береді.

Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу