KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 2 м/с, С
494.63 583.22 6.42

«Altay Invest-2025» форумында Шығыс Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы талқыланды

26.09.2025, 12:30 235 Төлеуғазы Жансая

Өскеменде өтіп жатқан халықаралық инвестициялық форум «Altay Invest-2025» аясында Шығыс Қазақстан облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі бағыттары таныстырылды. Негізгі басымдық – инвестиция тарту, терең өңдеу және өнеркәсіпті өңір экономикасының басты қозғаушы күші ретінде дамытуға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz.

Форумның пленарлық бөлімі «Шығыс Қазақстан облысының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» тақырыбына арналды. Ол бүкіл іскерлік бағдарламаның өзегіне айналды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде өңірдің стратегиялық бағыттарын атап өтіп, шикізаттық үлгіден арылып, терең өңдеу жобаларын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ инвестициялық әлеуетті ашу, әлеуметтік-экономикалық саясаттың тиімділігін арттыру үшін бизнес пен тұрғындардың сұраныстарымен үндестіре жүргізу қажет екенін айтты.

Талқылауға сала көшбасшылары мен сарапшылар да қосылды.

«Казцинк» ЖШС бас директоры Жанат Жанботин «Өнеркәсіп – Шығыс Қазақстан экономикасының негізі» деген тұжырымды ұсынды. Оның айтуынша, өндіріс пен кәсіпорындар жаңа технологияларды енгізу, жергілікті жеткізушілермен әріптестікті кеңейту және ілеспе салалардың дамуына тірек бола алады.

CRC компаниясының басшысы Қайнар Қожумов аймақтың инвестициялық артықшылықтары мен әлеуетін атап өтті. Ол капитал үшін негізгі тартымды бағыттарды көрсетіп, жаңа жобалардың күтілетін нәтижелерін баяндады.
Centras Securities компаниясының бас директоры орынбасары Дамир Нұрскенов Шығыс Қазақстанның еліміздің ең ірі 500 компаниясы арасындағы орнын сараптап, өңірдің ұлттық корпоративтік кеңістіктегі орнына талдау жасады.

Алғашқы пленарлық отырыс өңірдің стратегиялық бағытын нақтылап берді: инвестиция, өңдеу, өнеркәсіп және жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыру. Қатысушылар осы бағыттардағы нақты бастамаларды талқылау форум шешімдерінің негізіне айналатынын атап өтті.

Форум жұмысы барысында тақырыптық сессияларда ұсыныстар нақтыланып, бизнес пен сарапшылардың ойлары тоғысады. Бұл Шығыс Қазақстанды 2030 жылға дейін дамыту стратегиясында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған бастамалар тізбегін қалыптастыруға жол ашады.

Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу