KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 5 м/с, СБ
498.34 519.72 4.85

Аягөз гарнизонында сарбаздар ант қабылдады

8.12.2020, 09:35 621

Аягөз гарнизонында орналасқан Әуе шабуылына қарсы әскери бөлімінде Алматы өңірінен келген 60-тан астам жас сарбаз арнайы дайындық курсынан өтіп, салтанатты түрде әскери ант қабылдады.


Әрбір жас өреннің әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуі – абыройлы іс. Қырағылық пен жауапкершілікті бойына қалыптастырып, қайсарлық пен өжеттілікті үйрететін әскери өмірді сезінген жас сарбаздардың Отанға адалдық туралы анты сенімді, нық айтылды. Шараға қатысқан әскери бөлім басшылығы жас сарбаздарды осындай айтулы күнмен құттықтап, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып қайтатындарына сенім білдірді.


- «Әскери ант қабылдаған жас сарбаз өз мемлекетінің нағыз қорғаушысы болады. Осындай жауапты сәт – нағыз ер азаматқа лайықты қадамдардың бірі. Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас сарбаздарды жарғымен белгіленген барлық міндеттерді тиісті түрде орындап, әскери қызметті үлгілі атқаруға шақырамын. Сондай-ақ, нағыз ер азаматтың қалыптасу жолындағы басты қадамымен құттықтаймын», - деді штаб бастығы подполковник Арслан Уалиев.


Салтанатты ант қабылдау шарасында жас сарбаздар құрамы атынан сөз алған қатардағы жауынгер Талғат Еркінбай да өз ойын білдірді: «Біз қабылдаған әскери антқа адал боламыз. Әскери қызметті абыроймен атқарып, Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Барлық қиын тапсырмаларға қарамастан, командирлер қойған міндеттерді абыроймен орындап, еліміздің қауіпсіздігін сақтауда өз үлесімізді қосамыз деп үміттенеміз».


Пандемияға байланысты ахуалды ескере отырып, әскери ант қабылдау іс-шарасы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес қатаң өтті. Мерекелік шараға қатыса алмаған ата-аналар үшін бейне түсірілімдер мен естелік фото суреттер ұйымдастырылды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу