Өскеменде жас сарбаздар әскери ант қабылдады
Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен сәйкес келген 1 желтоқсанда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Қаһарман Қ.Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің жас сарбаздары (жалпы саны – 330) салтанатты түрде саптық алаңда Әскери ант қабылдады.
Жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеп, әр бағыттағы жауынгерлік, саптық дайындықтардан өткізу әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор
А.Қ.Таждинов мырзаға жүктелді. Жиын әкімшілігінің офицерлер мен сержанттар құрамы жас сарбаздарды тәрбиелеп, әскери қызметтің қыр-сырларын үйретуде өз қызметтік міндеттерін дұрыс атқара білді. Атап айтқанда мемлекеттік тіл саясатының жарқын үлгісі ретінде жиын басшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Әлішер Табылдиев сарбаздарға Әскери ант мәтінін мемлекеттік тілде жаттап оқуларын талап етсе, жиын сержанты 3 сыныпты сержант Қуат Қасымов әскери командаларды қазақша беріп, орындауды қолға алған.
Әскери ант қабылдау - әрбір жауынгердің есінде мәңгі қалар қуанышты сәт. Жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі бөлімнің саптық алаңында салтанатты сапқа тұрғызылып, құрметті қонақтар мен әр өңірден жиналған ата-аналардың қатысуымен өтті. Қазақстан Республикасының халқы мен оның заңды түрде сайланған Президентіне, қолдарында қарумен, жауынгерлік ту астында салтанатты түрде Әскери ант қабылдады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылық әскерлер қолбасшысының техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары полковник Бақытбек Садыков мырза мен әскери-патриоттық комиссияның төрайымы - С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің профессоры, Шығыс Қазақстан Облысының Құрметті азаматшасы Ленста Аубакирова және «Құрмет белгісі» орденінің иегері отставкадағы полковник Амангелді Құрымбаев ақсақал мен жас сарбаздар ата-аналарының атынан Наурет Нұрдаулеттің анасы Жеңісгүл Тілеубай және Ташим Бақдәулеттің әкесі Жанабек Ташимов құттықтау сөз сөйледі. Жас сарбаздар атынан сөз сөйлеген қатардағы Нұрлыбек Жетібаев пен Владислав Брекотнин әскери ант қабылдай отырып, біздерді қысқа мерзімде осы әскери өмірге бейімдеуде қызмет еткен офицерлер мен сержанттарға алғыс білдіреміз, сонымен қатар «Біз жас сарбаздар елімізді қорғауға, жерімізді сақтауға және үлгілі азамат болуға салтанатты түрде ант етеміз!»-деді.
27943 әскери бөлім командирі подполковник Ержан Мейрманов мырза баяндамасында:
«Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен сәйкес келген күн, сіздердің өмірлеріңіздегі тарихи күн! Әскери ант қабылдай отырып, Сіздер біздің Тәуелсіз Қазақстанымыздың Отан қорғаушылары болдыңыздар! Халық құрметін, махаббатын осы сенімді ақтау - әрбір әскери қызметшінің құрметті де қасиетті борышы» - дей келе, көпұлтты Қазақстанның жүзмыңдаған ұл-қыздары Ұлы Отан соғысы жылдарында біздерге үлгі болар қайталанбас, мәңгі өшпес ерліктер көрсетті. Бүгінгі таңда біздер сол батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Алия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Қасым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров тағы да басқалардың есімдерін мақтанышпен айтамыз. Оларда осылай Отанға адал болуға ант қабылдап, өз әскери жауынгерлік міндеттерін табандылықпен орындап, ерлікпен елге қызмет атқарды. Осы ата-бабаларымыздың Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктері Сіздер мен біздер үшін нағыз үлгі құрметті жауынгерлер!
Іс-шара соңында жас сарбаздар жиыны жеке құрамы қысқа мерзімде өздері меңгерген қоян-қолтық ұрыс жаттығуларынан қарумен және бөлімнің штаб батальоны барлау ротасы жеке құрамы жауынгерлік ұрыс, оқу-тактикалық жаттығуларынан көрсетілімдерді қонақтар назарына паш етті.
Жас сарбаздар жауынгерлік есеп топтағы, экипаждардағы орындарына тағайындалып, алдағы жаңа оқу жылына жауынгерлік міндеттерін алып, Отан қорғау қызметтеріне қызу кірісіп кетті .
27943 әскери бөлімінің идеологиялық жұмыстар, арнайы насихат
және мемлекеттік – құқықтық дайындық бойынша аға офицері
капитан Н. Малғаждаров