KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
479.38 531.63 5.27

Межовка ауылында ашылған медициналық бөлімше тұрғындардың көңілінен шықты

18.07.2024, 18:33 157 ALTAINEWS

Шемонаиха ауданының Межовка ауылында «Алтын сағат» қағидасымен жұмыс істейтін медициналық бөлімше бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Былтыр Шығыс Қазақстан облысында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының аясында шалғай жатқан елді мекендерде медициналық пунктер ашылған болатын. Жобаның мақсаты - ауылдағы ағайынның әл-ауқатын жақсарту. Бүгінде медициналық маманның көмегіне жүгіну үшін тұрғындар аудан не облыс орталықтарына барып, табан тоздырмайды. Өйткені өңірдегі барлық ауылдық елді мекендерде бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарымен қамтамасыз ету қарқынды жүргізіліп отыр. Солардың бірі - жүзге тарта тұрғыны бар Межовка ауылдық округіндегі медициналық бөлімше.

- Бөлімше қолданысқа былтыр берілген болатын. Мұнда дәрігерлер «Алтын сағат» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Бұл дегеніміз инфаркт, инсульт, жарақат алу және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек  көрсету. Медициналық бөлімше қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ,  гинекологиялық орындық, бактерицидтік сәулелендіру құралы, жаңа нәрестелерге арналған таразы, дистилляциялық аппарат, оттегі ингаляторы, глюкометр, гемоглобинометр, сонымен қатар дәрігерлерге арналған жинақтар. Ғимаратта екпе кабинеті, емдеу бөлмесі және акушер-гинеколог кабинеті  бар, - дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы ММ бас маманы Арайлым Кенжеғұлова.

Ресми дереккөзге сүйенсек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасы шеңберінде облыс бойынша 36 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған. Нақтыласақ, жеті дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық пункт.  Өткен жылы 17 медициналық бөлімше қолданысқа берілді. Сондай-ақ, күні кеше Глубокое ауданы Прапорщиково ауылында дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысы аяқталды.

- Негізгі жұмысым Выдриха ауылдық емханасында, дегенмен бас дәрігер уақытша болмағандықтан ауылға аптасына бір келіп, науқастарды қабылдаймын. Бөлімше қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтылған. Бұған дейін Межовка ауылының тұрғындары Выдриха ауылдық ауруханасында тіркеуде болатын. Қазір халыққа барлық жағдай жасалған, бізге келмей-ақ осы жерде дәрігер көмегіне жүгіне алады. Дегенмен, бұл бөлімшеге де жуықта ұзақ уақытқа дәрігер келеді деген сенім бар, - дейді бөлімшедегі учаскелік терапевт Галина Галяпина.

Ауыл тұрғындары енді заманауи құралдармен жабдықталған бөлімшеде қол¬жетімді және сапалы меди¬циналық көмек алады.

- Қуанарлығы, аудан орталығына да, қалаға да барып әуре болмаймыз. Жылдар бойы ауылымызда осындай бір бөлімшенің ашылуын аңсадық. Сол арманымыз орындалды. Қазір бәрі керемет, бөлімшеміз өзімізге ұнайды, іші жарық, таза, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер де үнемі күліп қарсы алады, кеңестерін айтып, ем-дом жасайды, - дейді ауыл тұрғыны Ольга Бронова.

Жалпы республика бойынша медицина саласына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл сөзімізге аудан мен ауылдарда жыл сайын салынып жатқан медициналық нысандар дәлел.

Балауса Қожаева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив