Биыл ауылдарда 18 медициналық нысан салынады – ШҚО
шартты сурет: depositphotos.com
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен денсаулығын жақсартуға бағытталған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін облысымыздың сегіз ауданында барлығы 18 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарын салу жоспарланып отыр.
Ұлттық жоба бойынша облыстың аудандарында барлығы 36 медициналық нысан салу жоспарланған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтқанда, Тарбағатай ауданында – 9, Зайсан ауданында– 3, Глубокое ауданында – 6, Катон-Қарағай ауданында– 2, Ұлан ауданында– 6, Шемонаиха ауданында – 2, Күршім ауданында - 5 және Алтай ауданында – 3 медициналық нысан, барлығы 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 27 медициналық пункт жоспарланған.
Өткен жылы облыста 17 медициналық пункт салынып, ((Ұлан (5), Күршім (5), Тарбағатай (6), Шемонаиха (1) аудандарында) пайдалануға берілген болатын.
-Бүгінгі күні Глубокое ауданы Прапорщиково ауылында дәрігерлік амбулатория ғимаратының құрылысы аяқталып бітті, нысан мамыр айының соңында пайдалануға берілмек.
Қазіргі уақытта ағымдағы жылға жоспарланған
18 нысанның (Тарбағатай – 3, Зайсан – 3, Глубокое – 5, Катон-Қарағай – 2, Ұлан – 1, Шемонаиха – 1, және Алтай ауданында - 3) құрылысын және олардың инженерлік инфрақұрылымын бастауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген, сондай-ақ, мердігер ұйымдар анықталды. 13 нысан бойынша құрылысқа рұқсат алу бойынша рәсімдер жүргізілуде.
18 нысанның құрылысын толықтай аяқтау және оларды пайдалануға беру ағымдағы жылдың 4 тоқсанына жоспарланып отыр,- деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Кеңесбаев.
Жобаға сәйкес жаңа медициналық ғимараттарда күндізгі стационар, емшара, егу, физио кабинеттері, сондай-ақ акушерлік кабинет қарастырылған. Алғашқы медициналық көмек көрсету пункттері ауысымда 50-ге дейін пациентті қабылдай алады (мед.пункттер – 25, ФАП – 40, дәрігерлік амбулаториялар-ауысымына 50 келушіге).
Жаңадан салынған нысандар елді-мекендерде сапалы медициналық көмек көрсету үшін қажетті медициналық жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етіледі.
Аталған Ұлттық жоба ауылдағы медициналық инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді, осылайша тұрғындар аудан орталықтарына және қалаға бармай-ақ медициналық көмек ала алады. Жобаны іске асыру нәтижесінде «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, 36 елді мекеннің 25 554 тұрғынына шұғыл медициналық көмек уақтылы көрсетілетін болады.