Шығыс Қазақстан инвестиция тарту көлемі бойынша республикада үшінші орынға шықты
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтіп, жалпыұлттық пулға енгізілуі мүмкін перспективалы жобалар қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өңірлік инвестициялық штабта бастамашысы қала мен аудан әкімдіктері немесе облыстық басқармалар болып табылатын жобалар қаралады.
Жалпыұлттық пулға енген жобалар инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді. Яғни, барлық қажетті ақпарат пен мемлекеттік қызметтер заңнамада белгіленген мерзімде көрсетіліп, әкімшілік кедергілер жойылады. Сонымен қатар, жобаларды іске асыру барысы прокуратураның қатаң бақылауында болады.
Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысына түрлі жобалар аясында 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда үш есеге артқан. Осылайша, өңір инвестиция көлемі бойынша Қазақстан аймақтары арасында үшінші орынға көтерілді.
Инвестициялардың тағы бір маңызды көрсеткіші – негізгі капиталға салынған қаржы көлемі. Бұл бағытта да өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім байқалады. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысынан жалпыұлттық пулға жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 65 жоба енгізілген. Оның ішінде 18 жоба толық іске асырылып, 47 жоба жүзеге асыру сатысында тұр.
Бүгінгі отырыста қатысушылар алдын ала жеті жобаны қарады. Олардың қатарында туристік нысандарды салу және қайта жаңғырту, энергетика және өнеркәсіп объектілеріне қатысты бастамалар бар. Алдағы уақытта әр жоба жан-жақты зерделеніп, инвесторлардың төлем қабілеттілігі бағаланады, сондай-ақ жер учаскелерін бөлу мәселелері пысықталады.
Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана жобаларды жалпыұлттық пулға енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданады.
Елизавета Седых












