KZ
Өскемен
-9°
туман Штиль
503.17 600.89 6.63

Ел Премьер-министрі инвестиция тарту ісіндегі формализмді қатаң сынға алды

28.01.2026, 13:30 80 Базарова Айгүл

Инвестиция тарту мәселесіне арналған Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдар мен бірқатар өңірдің жұмысын қатаң сынға алды. Үкімет басшысы инвесторлармен жұмыс істеуде формализмге жол беруге, инвесторларды жоғалтуға, нақты істердің орнын есептер мен презентациялармен алмастыруға болмайтынын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.

Ең өткір сын ұлттық компания Kazakh Invest қызметіне қатысты айтылды. Премьер-министрдің айтуынша, инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеуі тиіс құрылым өңірлерде іске асырылып жатқан жобалар туралы толық ақпаратқа ие емес, олардың нақты орындалу барысын бақыламайды әрі туындайтын мәселелерді шешуде инвесторларға қажетті қолдау көрсете алмай отыр. Соның салдарынан инвесторлар үшін жағдай түсініксіз әрі болжамсыз күйде қалып, жобалар созылып кетеді немесе күн тәртібінен мүлде түсіп қалады.

Сонымен бірге, отырыста елде инвестиция тартуға арналған қажетті институционалдық база қалыптасқаны айтылды. Атап айтқанда, инвесторлармен жұмыс істеудің үш деңгейлі жүйесі енгізілген, өңірлік инвестициялық штабтар құрылған, «инвестор жолын» цифрлық сүйемелдеу іске қосылған, басым салалар үшін Fast Track тетігі мен «жасыл дәліз» механизмі жұмыс істейді.

— Сіздер жақсы жазасыздар, жақсы таныстырасыздар. Ал нақты жобалар қайда, нәтиже қайда? — деп атап өтті Олжас Бектенов.

2026 жылға дейінгі нысаналы көрсеткіштерге сәйкес, экономиканың өсімі 5,4%-ды, негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемі 31,5 трлн теңгені, тікелей шетелдік инвестициялар 25,5 млрд АҚШ долларын құрауы тиіс. Инвестициялық портфельде жалпы құны шамамен 16 трлн теңге болатын 475 жоба бар, олар 1,1 миллионнан астам жұмыс орнын ашуды көздейді. Алайда Премьер-министр атап өткендей, құралдар мен көрсеткіштердің болуы автоматты түрде нәтиже береді дегенді білдірмейді.

Өңірлік әкімдіктердің жұмысына да қатаң баға берілді. Үкімет басшысы инвестор тарту және жобаларды іске асыру үшін өңірлерде әкімдердің орынбасарлары жеке жауапты екенін еске салды. Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша, елде небәрі үш өңір ғана инвестиция тарту жоспарын орындаған.

Олжас Бектенов инвестициялық жобалар пулы қағаз жүзінде емес, нақты әрі жүзеге асатын жобалардан тұруы тиіс екенін баса айтты. Әрбір жоба логикалық аяқталуына дейін сүйемелденуі керек, ал постинвестициялық қолдау міндетті тәжірибеге айналуға тиіс. Сондай-ақ, шикізаттық бағыттағы инвестициялардан гөрі терең өңдеу, импортты алмастыру және экспортқа бағытталған жобаларға басымдық беру қажеттігі атап өтілді. Бұл бағыттарға өңдеуші өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, инфрақұрылым және жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісі кіреді.

Премьер-министр өңірлер мен салалық құрылымдарға нақты мерзім белгіледі — сенбіге дейін. Осы уақыт ішінде іске асырылу сатысындағы барлық инвестициялық жобалардың толық тізбесі ұсынылуы тиіс. Ал проблемалық жобалар бойынша олардың ілгерілеуіне кедергі келтіріп отырған себептер нақты көрсетілуі қажет. Барлық жобалар ерекше бақылауға алынып, созбалаңға салу мен формалды жауаптарға жол берілмейді.

Отырыс барысында инвесторларды бюрократиялық кедергілер мен әкімшілік қысымнан қорғау мақсатында «прокурорлық сүзгі» тетігін кеңінен қолдану қажеттігі де атап өтілді. Енді инвесторларға қатысты барлық шектеу шаралары мен шешімдер прокуратура органдарының қатысуымен қабылданатын болады.

Премьер-министрдің айтуынша, инвестициялық саясаттағы формализм дәуірі аяқталды. Тиімділіктің басты өлшемдері — нақты жобалар, олардың шынайы іске асуы және барлық деңгейдегі басшылардың жеке жауапкершілігі.



Фото: ҚР Үкіметі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу