«Алтайдың» жеті ойыншысы халықаралық турнирге қатысады
Өскемендік «Алтай» волейбол клубының ойыншылары ел құрамасы сапында құрлықаралық олимпиадалық іріктеу турниріне қатыспақ, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл жолы ұлттық құрамаға «Алтай» және «Алтай-2» командаларының жеті волейболшысы шақырту алыпты. Олар: Сана Анарқұлова, Кристина Аниконова, Наталья Шаршакова, Татьяна Фендрикова, Зарина Сейітқазина, Кристина Белова мен Ботагөз Сәрсенбаева.
Айта кетейік, ертең, 3 тамыз күні басталатын додаға 24 елдің құрамасы қатыспақ. Командалар алты топқа бөлініп өнер көрсетеді деп жоспарлануда. Жарыс бір уақытта бірнеше елде өтеді. Біздің құрама С тобындағы қарсыластарымен бірге АҚШ-тың Луизианасында өнер көрсетпек. Бұл топқа отандастарымыздан бөлек, алаң иелері АҚШ құрамасы, сонымен қатар, Аргентина мен Болгария волейболшылары түскен-ді. Біздің команда турнир аясындағы алғашқы кездесуін ертең, 3 тамыз күні америкалықтармен өткізбек. Келесі күні қазақстандықтар Аргентина құрамасымен шеберлік байқасса, 5 тамызда Болгария командасымен кездеседі.
Осы ретте дүбірлі додаға ел құрамасын түркиялық маман Нежат Санжак бастап апаратынын айтқан абзал.