KZ
Өскемен
+6°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
443.44 480.51 4.88

Волейбол. Қазақстан құрамасы алғашқы іріктеу сынында сүрінді

5.08.2019, 08:36 130

Волейболдан Қазақстан ұлттық құрамасы құрлықаралық олимпиадалық іріктеу турнирін уақытынан бұрын аяқтады.
24 команда қатысқан додада біздің құрама С тобындағы қарсыластарымен бірге АҚШ-тың Луизианасында өнер көрсетті. Бұл топқа отандастарымыздан бөлек, алаң иелері АҚШ құрамасы, сонымен қатар Аргентина мен Болгария волейболшылары түскен-ді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Турнир аясындағы алғашқы кездесуін 3 тамыз күні америкалықтармен өткізген аруларымыз 0:3 (партиялардағы нәтиже 17:25, 10:25, 10:25) есебімен жеңіліс тапты. Келесі күні қазақстандықтар Аргентина құрамасымен шеберлік байқасып, бұл ойынды да өз пайдасына аяқтай алмады. Төрт кезеңге созылған матч есебі – 1:3 (25:22, 8:25, 20:25, 16:25).

Бүгін түркиялық маман Нежат Санжак жаттықтыратын ұлттық құрама топтық кезеңдегі соңғы ойынын өткізді. Өкінішке қарай, бұл жолы да отандастарымызға сәттілік жолдас болмады. Болгария командасымен өткен ойында Қазақстан құрамасы қарсыласына 0:3 (14:25, 16:25, 16:25) есебімен жол беріп, жарысты уақытынан бұрын аяқтауға мәжбүр болды.

Айта кетейік, жарыста ұлттық құрама сапында «Алтай» және «Алтай-2» командаларының жеті волейболшы – Сана Анарқұлова, Кристина Аниконова, Наталья Шаршакова, Татьяна Фендрикова, Зарина Сейітқазина, Кристина Белова мен Ботагөз Сәрсенбаева өнер көрсеткен болатын.

Енді Қазақстан құрамасы Азия мемлекеттері арасында өтетін құрлықтық іріктеу сынында бақ сынап, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына берілетін соңғы жолдамалардың біріне таласып көрмек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив