Есірткі қылмысына қарсы күрес үздіксіз жалғасады
Фото: Altaynews
ШҚО үйлестіру кеңесінің отырысында өңірдегі есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласындағы заңдылық мәселелері қаралды.
Оның жұмысына облыстық денсаулық сақтау басқармасының, психоневрологиялық диспансердің, сот сараптамасы институтының басшылары да қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыс аумағында есірткінің таралуына қарсы тоқтаусыз күрес – құқық қорғау және арнайы органдар қызметінің маңызды бағыттарының бірі.
– Атап айтқанда, олар әзірлеген бірлескен іс-шаралар жоспары шеңберінде соңғы 2 жылда облыс аумағында есірткімен байланысты 142 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды, 103 сату фактісі тоқтатылды. Синтетикалық есірткі дайындау бойынша 3 есірткі зертханасы жойылды. Еліміздің басқа өңірлерінен және таяу шетелден облысқа есірткі заттарын жеткізудің 9 арнасы тоқтатылды. Заңсыз айналымнан салмағы 105 келіден астам, оның ішінде 8 келіге жуық синтетикалық есірткі алынды, – деп мәлімдеді облыс прокуратурасындағылар.
Жұмыстың белгілі бір нәтижелері атап өтілген соң кеңесте синтетикалық есірткі таратуды ұйымдастыратын тұлғаларды анықтау, нашақорлардың тиісті ем алудан жалтармауын бақылау, есірткіге тәуелді адамдарды емдеу мен оңалтудың заманауи әдістерін дайындау қажеттілігіне байланысты құқық қорғау және арнайы органдарға облыс аумағында есірткінің барлық түрлерінің, әсіресе синтетикалық есірткінің заңсыз таралу фактілерін анықтау бойынша жұмысты жандандыру керектігі айтылды.
Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен осы бағыттағы барлық проблемалық мәселелерді одан әрі бірлесіп шешуге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстар берілді.
Аталған жұмыстар жалғасуда және облыс прокуратурасының тұрақты бақылауына алынған.