Абай-175: Қамырдан жасалған картина үздік деп танылды
Өскеменде «Абай шығармашылығы – балалар көзімен» атты бейнелеу өнері байқауы мәреге жетті. Көрмеге аймақ мектептерінен 70-тен астам оқушысы өз жұмысын ұсынған, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Балалар байқауының басты тақырыбы – Ұлы Абай және оның өмірі мен шығармашылығы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспозицияда әр түрлі көркем жанрлар көрініс тапты.
Тарбағатай, Глубокое, Жарма, Ұлан аудандарынан, сондай-ақ Өскемен және Риддер қалаларынан 77 автордың 86 конкурстық жұмысы сарапқа салынды. Байқаудың бас жүлдесін Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының 14 жастағы оқушысы Әйгерім Мұратова жеңіп алды. Жас өнерпаз тұзды қамырдан, акрил мен акварельден жасалған «Қара шаңырақ» атты туындысын ұсынған екен.
– Картина бейне бір алтынмен нақышталғандай алыстан көз тартады, – дейді байқауды ұйымдастырушы облыстық өнер музейінің қызметкерлері.
Жеңімпазға планшеттік компьютер табыс етілді.