Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге ескерту жасады
Бүгін коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өтті. Бейне байланыс режимі арқылы өткізілген жиынға Үкімет мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты. Жиын барысында мемлекет басшысы бірқатар әкімдерге ескерту жасады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Президенттің айтуынша, тиісті жұмыстар дер кезінде атқарылмай, тиімділігі аз шаралардың қабылдануы салдарынан еңбек ұжымдарында, ірі өндіріс орындарында жаппай вирус жұқтыру ошақтары пайда болды. Көптеген мекемелер карантин жағдайының өзінде санитарлық талаптарды сақтамаған. Ауруханаларда науқастар жататын орынға, медицина кадрларына, дәрі-дәрмекке, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық байқалған.
– Жұмысына салғырт қарағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа ескерту жасаймын. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертемін. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты. Тиімді ақпараттық жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмеуі де жағдайды ушықтыра түсуде. Біздің халықпен арадағы диалогымыз өз деңгейінде нәтиже бермеді. Ақпараттар легі теріс пікірлердің ықпалында кетіп, дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбектері көрінбей қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.