Вирустың таралуы 7 есе өсті – Мемлекет басшысы
Қазақстанда 1 мамырда шектеулер алынғаннан кейін коронавирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бүгін коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өтті. Бейне байланыс режимі арқылы өткізілген жиынға Үкімет мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты.
Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кеткеніне баса назар аудартты.
– 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту қажет. Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.