ШҚО полициясы LED-экранда концерт қойды
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлерін LED-экран арқылы құттықтады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Тәртіп сақшылары Құрмат Рахымов және Михаил Семенов есімді қос ардагердің үйінің терезе тұсына LED-экран орнатып, концерт ұйымдастырды.
Полицейлердің шығармашылық жұмысын әйгілейтін фотосуреттер мен бейнежазбалар әлеуметтік желілерге тарап кетті. Әсіресі ардагерлермен бір мекенжайдағы тұрғындар концертті емен-жарқын тамашалай алды. Полиция департаменті үй аулаларына бір күн бұрын хабарландыру іліп, тұрғындарды құлағдар еткен көрінеді. Осылайша ардагерлер мен олардың көршілері бір сағаттық концертті бастан-аяқ тамашалады.
Дәл қазір карантинге байланысты полиция қызметкерлерінің ерекше жұмыс режиміне көшкені белгілі. Қызметтің тығыздығына қарамастан, департаменттің шығармашылық тобы бір апта бойы аталмыш концерттік бағдарламаны дайындаған екен. Бұл күні соғыс жылдарындағы әндер көп шырқалды. Тіпті полицейлердің балалары да ардагерлерге арнап номер дайындапты.
Ардагерлер ескерусіз қалмасын іштей сезгенмен, бұл тосынсыйға таңырқап қалды. Дереу салтанатты киімдерін киіп, көрермендер қатарына қосылып жатты.
– Ардагерлер үшін салтанатты шерулердің орыны бөлек. Ол екі бастан белгілі. Сондықтан карантинге қарамастан, жаңа форматта концерт ұйымдастыруды жөн санадық – дейді ШҚО ПД басшысы Сағат Мәдиев.