ШҚО-да жүзден астам талапкер ҰБТ тапсыра алмай қалды
Шығыс Қазақстан облысында жүзденастам оқушы ұлттық бірыңғай тесті тапсыра алмай қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
17-19 қаңтар аралығында Шығыста ҰБТ-ның бірінші кезеңі өтті. Бұл жол басты ерекшелік – тестілеуді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің қызметкерлері қадағалады. Сондай-ақ барлық аудиториялардан онлайн көрсетілім таратылды.
Емтихан негізінен екі университетте жүрді – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті және Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті. Қосымша сегіз аудан мектебінде тестілеу болды.
– 65 қатысушыдан тыйым салынған заттар (ұялы телефондар, смарт сағаттар, корректорлар, шпаргалкалар) табылды. Олар тест тапсыруға кіре алмады. 42 үміткер емтихан кезінде тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарылды, – деп мәлімдеді ШҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері.