KZ
Өскемен
-10°
туман Штиль
498.34 519.72 4.85

Тестілеу төрт рет өткізіледі. Биылғы ҰБТ туралы сізге қажет ақпараттар

19.06.2019, 06:07 291

Мектеп түлектерінің білім деңгейін анықтап, жоғары оқу орындарының грантын иеленуге мүмкіндік беретін білім сынағының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Атап айтқанда 22-26 маусым күндері аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеу өтеді. Биыл облыста бірыңғай тестілеуге қатысушы түлектер саны артқан. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділованың қатысуымен өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Биыл өңір мектептерін тәмамдаған 8490 түлектің 6669-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Бұл барлық түлектердің 78,5 пайызын құрайды. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл ұлттық тестілеуден өтуге ниет білдірушілер саны 8 пайызға артып отыр. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдегендей, биыл түлектердің бірыңғай тестілеуге қатысу көрсеткіші бұрынғыдай мектептің немесе өңірдің рейтингіне әсер етпейді.

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген негізгі жаңалық тестілеу төрт рет өткізіледі. Ақылы түрде оқуға тілек білдірушілер тестілеуден қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өте алады. Қаңтар, наурыз айларында 5802 мектеп бітіруші қатысты. Бұл жалпы түлек санының 68,2 пайызын құрайды.

Білім гранттарын тағайындау бойынша конкурсқа қатысу үшін өткізілетін Ұлттық бірыңғай тестілеу осы 22-26 маусым аралығында өтеді.

-Облыстағы 16 тестілеу пункті толықтай дайын. Оның төртеуі жоғары оқу орындарында, 12-сі аудандық және қалалық пункттерде ұйымдастырылған. Тестілеу барлығы 83 аудиторияда өткізіледі. Барлық аудиториялар 110 ұялы байланысты бұғаттау құралдарымен, 12 жиектемелі және 39 қолда ұстайтын металл іздегіштермен, тестілеудің өткізілу барысын бақылайтын 120 бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Барлық 83 аудиторияда және пункттерде онлайн трансляцияны бақылауға мүмкіндік беретін мониторлар орнатылды. Биылдан бастап түлектеріміз тестілеуден бірнеше рет өте алады. Бұл дегеніміз олардың жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігін арттырады. Түлектеріміздің алған білімдерінің сапалы екендіктерін дәлелдеуге мүмкіндігі мол. Оларға тестілеу сынағында сәттілік тілеймін!- деді Әсем Бекқызы.

Тестілеу пунктттерінде санитарлық және өртке қарсы нормалар сақталады. Медициналық қызметкерлер, құқық қорғау органдарының және өртке қарсы қауіпсіздік қызметі өкілдерінің кезекшілігі ұйымдастырылады. Мамандардың айтуынша, тексеру барысында тыйым салынған заттар табылса немесе ҰБТ ережелерін бұзған жағдайда тестілеу нәтижесі жарамсыз болып саналады.

Тестілеу бес пән бойынша өткізіледі: үш пәннен міндетті және таңдап алған мамандығына сәйкес екі бейінді пәндер бойынша. Барлығы 120 тест тапсырмасы бар. Ең жоғары балл – 140. Биыл тест тапсырмаларының базасы 30 пайызға жаңартылған.

-Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу кезінде мектеп бітірушілер жатын орынмен, тасымалдаумен, тамақтандырумен қамтамасыз етіледі. Ұйымдастырушылық мәселелерді шешу және ҰБТ өткізу мониторингісі үшін білім бөлімдерінің басшыларынан, жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдары, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатарынан мемлекеттік комиссиялар құрылды,-деді облыстың бас ұстазы Сайрангүл Жұмәділова.

Талапкерлердің даулы мәселесін шешу үшін әрбір тестілеу пункттерінде аппеляциялық комиссиялар құрылған. Балаларын қолдауға келетін ата-аналарға да барынша жағдай жасалады. Олар үшін күту залдарында онлайн бақылауы бар мониторлар орнатылды.

8490 түлектің 63,3 пайызы қазақ тілінде, 36,6 пайызы орыс тілінде оқып бітірді. Сәйкесінше ҰБТ-ны сол тілде тапсырады. 6700 түлек еліміздегі жоғары оқу орындарына түсуді жоспарлап отырса, 1236 бала колледжде оқуды таңдады. Ал 585 түлек шет елдердегі оқу орындарында бағын сынап көрмек. Соңғы екі жылда шетелге кететін түлектер саны үш есеге азайғанын атап өткен жөн. Бұл облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Білікті маман» өңірлік бағдарламасының және сауатты даярлық курстарын ұйымдастырып, аудандарды аралап жүріп насихат жұмыстарын жүрізген жоғары оқу орындарының еңбегінің нәтижесі деуге болады.

Сала министрлігінің мәліметінше, Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген тест тапсырмаларының ішінде қазіргі замандағы мәдениет және спорт қайраткерлері жайлы сауалдар болмайды. Тестілеу қортындысы тест өткен күні пункттерде, Білім және ғылым министрлігінің және Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланатын болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу