KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
495.95 524.37 4.98

Денесі үсіген адамға көмектесудің 4 ережесі

13.01.2020, 11:29 194

Биыл Шығыс өңірінде қыстың басы жайлы болғаны рас. Алайда қызылшұнақ аяз да, ақпандатқан боран да алдағы күндердің еншісіне екеніне даусыз. Ал оқыс жағдай болып, қатты тоңып немесе үсіп қалған адамға көмек көрсетудің қарапайым да қатаң ережелері болады. Сондықтан Төтенше жағдайлар комитеті мамандарының осы жөніндегі кеңесін ұсынамыз, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі. 

№1 ереже. Қатты тоңған адамның денесін тұтас және біртіндеп жылыту керек. Бір дене мүшесін жеке қыздыру аса қауіпті!

Тоңған адамды бірден ыстыққа апармаған жөн. Сондай-ақ тек аяғын немесе қолын жылытуға болмайды. Ең тиімді әдіс – адамды 25-28 градус жылы суы бар ваннаға жатқызу. Судың температурасын біртіндеп 37-40 градусқа дейін көтеру керек. Зардап шегушіні жылуоқшаулағыш төсенішке жатқызып, мойынорағыш, жемпір сияқты киімдерді жылы суға малып, орап тастауға да болады. Мата суып бара жатқанда ауыстырып отырады. Осы әрекеттерді адамның бойы жылынғанша 1 минут та тоқтатпау қажет. Аяқ-қолын абайлап уқалап отыруға да болады. Қан айналымын бас жаққа қарай жіберу үшін аяғын аздап көтеріп қоюға болады.

№2 ереже. Адам жылынған соң оған ыстық шай немесе кофе беру керек.

Жүрегі айнып құспаса, ыстық сусындардан соң тамақ берген жөн. Содан соң тоңған адамды кемі бір күн жылы жерде демалдыру қажет. Ескертетін жайт – көбі қатты тоңған адамға алкогольді ішімдік беру керек деп есептейді. Кез келген мөлшердегі алкогольді ішімдік зардап шегушінің жағдайын жақсартпайды, керісінше, халі нашарлап кетуі мүмкін.

№3 ереже. Адам жылынып, өз-өзіне келсе де, оны жалғыз қалдыруға болмайды.

Зардап шеккен адамның жанында оның халін біліп, жағдайын жасап отыратын бір адам болуы керек. Өйткені суық тию мен үсіктің ауыр салдары болуы мүмкін.

№4 ереже. Қатты тоңған адамға көмек берілген соң оны міндетті түрде дәрігерге көрсету керек.

Бұл ережелер толық орындалып, зардап шегушінің жағдайы тұрақталғанымен оны бәрібір медициналық тексеруден өткізу керек. Адам өзін жақсы сезініп тұрса да, ешкім қатты тоңудың салдары болмайтынына кепілдік бере алмайды.

 

      

 

 

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу