KZ
Өскемен
-17°
туман жел 1 м/с, СБ
501.79 595.07 6.56

«Тәуелсіздік ұрпақтары» – 2025: Шығыс Қазақстан ғалымы грант иегері атанды

23.01.2026, 17:00 124 Базарова Айгүл

Астанада дәстүрлі «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Елдің түкпір-түкпірінен бизнес, ғылым, мәдениет, медиа, ақпараттық технологиялар және волонтерлік саладағы отыз үздік жобаның иелері елордаға жиналды. Әр жеңімпазға 3 миллион теңге көлемінде грант сертификаты табысталды. Марапатталғандар қатарында өңірдің бас ғалымы – Дастан Буйткенов бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты дарынды әрі талапты жастардың тың идеяларын қолдауға бағытталған. Осы уақытқа дейін бастама 123 қазақстандық жастың жобасын іске асыруына мүмкіндік берді.

Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтап, жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.

«Қазіргі қабылданып жатқан шешімдер мен жүзеге асып жатқан реформалар жастарға сапалы білім алып, өз әлеуетін толық іске асыруға, бәсекеге қабілетті, саналы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тарихи кезең – тек өзгерістер уақыты ғана емес, болашаққа деген сенімді нығайтатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды дәуір деп айтуға толық негіз бар», – деп атап өтті Аида Балаева.

Жеңімпаздар қатарында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Беттік инженерия және трибология» ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Дастан Буйткенов бар. Ол «Ғылым» бағыты бойынша республикалық грант иегері атанды.

Бұл жетістік – өңірлік ғылымның нақты секторлармен өзара сабақтастығын нығайтып, жергілікті зерттеулердің ұлттық деңгейде жоғары бағаланып отырғанын айқын көрсетеді. Шығыс Қазақстан облысы үшін бұл тек жекелеген табыс қана емес, зияткерлік әлеуетті жүйелі түрде күшейту, қолданбалы зерттеулерді қолдау арқылы аймақтың орнықты дамуына қызмет ететін бағыттың нақты нәтижесі.

Айта кетейік, биыл байқауға 6 бағыт бойынша 1700 өтінім түскен, оның 1622-сі қабылданды. 






Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 

С.Аманжолов атындағы ШҚУ


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу