KZ
Өскемен
-10°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да «Бизнес бастау» жобасының қатысушылары 16 759 теңге шәкіртақы алады

25.07.2019, 10:52 179

Соңғы екі жарым жылда төрт мыңнан астам тыңдаушыны бизнес негіздеріне үйретіп, мыңға жуық бастаманы қаржыландырған «Бизнес бастау» жобасы биыл да жалғасын табуда. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасы хабарлады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Бизнес-бастамаларды қаржылай емес қолдау операторы болып табылатын облыстық кәсіпкерлер палатасы биыл да «Бизнес бастау» жобасын жалғастырып, 1400 тыңдаушыны үш лекте оқытып шығарды. Жалпы саны 80 сағаттан тұратын оқыту бағдарламасы адамдарды жеке кәсіп жүргізуге, салық режимдерін қадағалауға, маркетинг негіздерін үйренуге машықтап, бизнес-жоспар жасаудың қыр-сырын үйретті.

Тыңдаушыларды таңдау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүктелген. Бағдарлама бойынша оқытуды кәсіпкерлер палатасының білікті бизнес-тренерлері жүргізеді. Бұдан бөлек, тыңдаушыларға бюджет есебінен 16 759 теңге мөлшерінде шәкіртақы да қарастырылған.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Адина Кәсенованың айтуынша, курстарға көптеп келетіндер жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көрінеді. Тыңдаушылардың тек 20 пайызы ғана қазіргі уақытта ісін ілгерілетіп отырған кәсіпкерлер.

– Мүндай курстарда адамдар бір-бірімен жақын танысып, түрлі ойындарға қатысады. Мысалы, біздің бірінші лекте оқып шыққан тыңдаушыларымызды алып қарайық. Олар әлеуметтік желіде ортақ чат құрып, онда өз жарнамаларын салады, бір-бірінің қызметін пайдаланып, өнімін саудалауға атсалысады. Міне, нақ осы үрдіс оларды біріктіреді. Адамдар өздерінің жалғыз екенін сезінбеулері қажет, – деді Адина Мақышқызы.

Оның айтуынша, қаржыландыруға тапсырыс бермес бұрын әр тыңдаушы алдын ала қажетті деңгейде дайындалып, маркетингтік зерттеулер жүргізіп алғаны жөн. Өйткені несие немесе грант алу – бұл өзіндік тәуекелге бас тігу. Егер жоба «шикі» болса, ол іске аспай қалуы да ықтимал.

Дегенмен «Бизнес бастау» жобасы тыңдаушыларының барлығы дерлік курсты қаражат алу үшін ғана емес, сондай-ақ кәсіпкерлік ісін жүргізу және сервистік қызмет алу мақсатында да өтуде. Солардың бірі – курстың бірінші легінің тыңдаушысы Наталья Савельева.

– Мен өзімнің ісіме талдау жасауға көмектесетін көптеген заманауи құралдар мен бизнес-модельдерді пайдалануды үйрендім, – дейді ол. – Осының арқасында шығыстарымды реттеп, ең қажетті деген ресурстарды анықтауды үйрендім, сондай-ақ клиентке деген қарым-қатынастың қалай қалыптасатынын түсіндім.

«Бизнес бастау» жобасының бірінші легінде курсты тәмамдаған тағы бір тыңдаушы Анастасия Ветлугина қазіргі уақытта трансформер сөмкелер дайындаумен айналысады. Мұндай сөмкені бірде арқаға асып, енді бірде қол сөмке ретінде пайдалана беруге болады. Ол гранттық қаржыға Алматыдан қалың мата тігетін тігін машиналарын әкеліп, оңтүстік астананың сауда нысандарына өскемендік өнімді жеткізу жөнінде келісіп те қайтқан.

– Мұндай курстар бизнес үрдістерді жақсы түсініп, істі жүрексінбей бастауға жол ашады. Қалдықтарды пайдалана отырып, дизайн мен экологияны ұштастырған ерекше өнім жасағым келеді, – деді Анастасия.

Оқу курсын үшінші лекте аяқтаған Ролан Әділханов қазіргі уақытта кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкер болса да, ісін одан әрі ілгерілетуді ойлайды. Ол жеңілдетілген тәртіпте несие алып, монша кешенін салуды көздеп отыр.

–  Қазіргі уақытта бизнеспен айналыссам да, өзіме бұрындары белгісіз болып келген көптеген жақсы нәрселерді меңгердім. Салық, бизнесті жарнамалау, менеджмент, сауда салалары бойынша жаңашылдықтарды үйрендім, – дейді ол.

«Бизнес бастау» жобасының келесі легін оқыту биылғы жылдың күз маусымына жоспарланған. Облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік бастамасы бар әр азаматты пайдалы білім алып, «Еңбек» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға қол жеткізуге шақырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу