Шәкәрім Құдайбердіұлының Алматыға қызметке шақырылғанын білесіз бе?
Қазақ руханиятының ірі тұлғасы, ойшыл ақын әрі философ Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірінде көпшілік біле бермейтін тағдырлы сәттер аз емес. Солардың бірі – 1929 жылы оны Алматыға ресми қызметке шақыру туралы ұсыныс түсуі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жайында Шәкәрімнің ұлы Ахат Шәкәрімұлы өз естелігінде кеңінен баяндайды. Оның айтуынша, 1929 жылы Алматыдан, сол кездегі белгілі мемлекет қайраткерлері Ораз Исаев, Тұрар Рысқұлов және басқа да азаматтар қол қойған хат келеді. Хатта Шәкәрімді Алматыға шақырып, тарих бөлімінде қызмет істеу ұсынылған. Егер келісім берсе, жол қаражаты жіберілетіні де жазылған.
Бұл хабарды ауылдастары мен туған-туыстары зор қуанышпен қарсы алады. Ел арасында «Шәкәрімдей ғұламаның Алматыда қызмет етуі бәрімізге де игі болар» деген үміт туады. Көшіп баруға дайындық та басталып кетеді.
Ахат аға осы хабарды әкесіне жеткізу үшін жайлаудағы қорасында жалғыз отырған Шәкәрімге барады. Әкесіне хатты оқып беріп, елдің, үй-ішінің қуанып отырғанын айтады. Алайда Шәкәрім бұл ұсынысқа бірден келісе қоймайды. Ол хатты оқып шығып, ұзақ ойға қалады.
Ойшыл ақын баласына өзінің ішкі толғанысын ашып айтады. Оның ойынша, бұл – тұрақты, орныққан заман емес. Егер ол тарих зерттеу ісімен айналысып, ақиқатты сол қалпында жазса, ол сол уақыттың саяси талабына сай келмеуі мүмкін. Ал егер шындықты бұрмалап, заман ыңғайына қарай жазса, ар-ождан алдында жауап бере алмайтынын түсінеді.
Шәкәрім тарихтың шындығы ешқашан жоғалмайтынын, уақыт өте келе ақиқаттың бәрібір ашылатынын айтады. Сондай жағдайда ол өзіне де, кейінгі ұрпаққа да сын болатынын терең сезінеді. Сондықтан ол уақытша тыныштық немесе тұрмыстық жеңілдік үшін арынан аттауды жөн көрмейді.
Сонымен қатар, ол балаларына адал еңбек етіп, шындық пен әділдіктен айнымай өмір сүруді өсиет етеді. «Аққа қара жұқпайды» деп, әркім өз несібесін адал жолмен табуы керек екенін ескертеді. Өмірінің соңғы кезеңінде елден жырақ кетпей, туған жерде қалғанды дұрыс санайды.
Ахат Шәкәрімұлының бұл естелігі – Шәкәрім Құдайбердіұлының биік адамгершілігін, ар тазалығын, тарихи жауапкершілікті қалай терең түсінгенін көрсететін құнды дерек. Бұл оқиға ұлы ойшылдың тек ақын ғана емес, ұлт тағдырына алаңдаған кемеңгер тұлға болғанын тағы бір дәлелдейді.
Дереккөз: Ахат Шәкәрімұлының «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» естелігінен
Фото: abaialemi.kz

