KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 2 м/с, В
498.34 519.72 4.85

Шахматтан Өскеменде өткен ел чемпионатында мықтылар алғашқы орындардан көрінбеді

27.03.2019, 11:36 204

Халықаралық гроссмейстер Нұрлан Ибраев бастаған шахмат төрешілері Өскемендегі ел чемпионатының деңгейі бұрынғы чемпионаттардан біршама жоғары болғанын айтады. Осы жолы қатысқандардың көбі жаһан және құрлықтық сайыстарда жүлде алып жүрген мықтылар екен. Сөйте тұра, алғашқы орындардан сол мықтылардың біразы көрінбеді.

 

Былтыр Албан жерінде әлем чемпионатын ұтқан жерлесіміз Арыстан Есенжолов блиц пен рапидтен бірінші-екінші орындарды алғанымен де, классикалық шахматтан кейіндеп қалды. Жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады.

 

– Жас шахматшылар типтік қателіктер жібермеуі үшін бірнеше турнирге қатысуы керек. Осы жолы мақтаулы спортшылардың әлем және Азия чемпионатына жолдама ала алмағаны – қанша дегенмен де, тәжирбенің аздығынан. Мәселен, Арыстан соңғы сәтке дейін көш басында еді. Жеңілуіне, манағы айтқанымыздай, типтік қателіктер себеп болса керек. Бірақ ол әлі 15 жаста. Ал чемпионат 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында өтетіндіктен, оның бұрынғыдан да жоғарыға шығуына уақыты мен шамасы жетеді, – дейді төреші Алмагүл Чакеева.

 

Алмагүл Чакеева түркістандық жаттықтырушы Қуаныш Жұмаділдаевпен бірігіп жазған «Жас шахматшылардың типтік қателіктері» деп аталатын оқу құралын жарыс соңында спортшыларға таратып берді. Айтуынша, кітапшада спортшылардың дәл жарыс үстінде жіберген қателіктерінен 200 мысал келтірілген.

 

Сайыста ұлдар арасында да, қыздар арасында да бас шаһардан келген спортшылардың мерейі үстем болды. Жандос Ақманов пен Әмина Қайырекова топ жарды. Осы орайда бірінші орын алғандар – әлем, екінші орын алғандар Азия чемпионатына баратынын айта кетейік.

 

– Шетелдік шахматшылармен жиірек онлайн кездесу өткіземін. Олармен, уақытым жетсе, күнде ойнап тұруға тырысамын. Ал компьютердің өзімен көп ойнамаймын. Роботты жеңу қиынырақ, – дейді Жандос Ақманов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу