KZ
Өскемен
+2°
небольшой проливной дождь жел 4 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

Тасқын қаупі бар аймақтар әуеден бақылануда – ШҚО (видео)

1.04.2024, 18:50 381 Нұржан Кенжеұлы

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ерғали Бахаев пен бірқатар құзырлы орган өкілдері облыстағы су тасқыны қаупі бар жерлерді әуеден барлап қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Өскемен – Глубокое – Шемонаиха – Риддер – Алтай – Үлкен Нарын – Қатонқарағай» бағыты бойынша ұшқан жұмыс тобының мүшелері әуеден аудан-қалаларда қалыптасқан жағдайды тексерді.

ТЖД баспасөз қызметінен хабарлағандай, өзен-көлдерде мұз көбесінің сөгілуі байқалады. Дегенмен, өзендердің арнасынан шығуы мен мұз кептелісі сияқты жағдайлар тіркелмеген.

– Жалпы, жоғарыда аталған аудандар бойынша жағдай тұрақты. Көктемгі кезеңдегі ТЖ алдын алуға және жоюға 55 мың дана қап, алты мың тоннадан астам инертті материал, 406 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. Техника мен мотопомпалар әзірлікке келтірілді, эвакуациялық пункттер құрылып, адамдарды уақытша қабылдауға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі дейін 368 мыңнан астам текше метр қар шығарылды, 447 көпірдің асты мұз бен қоқыстан тазартылды, – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметінен.

Су тасқынына қатысты ахуал ушыққан жағдайда облыста 2 270 адам, 732 бірлік техника мен 234 мотопомпа, 61 бірлік жүзу құралынан құралған күш көмекке келуге сақадай сай дайын тұр. Тұрғын үйлерді су басқан жағдайда халықты уақытша орналастыратын, сиымдылығы 17 600 адамға шақталған 153 эвакуациялық пункт ашылды.

Мамандардың хабарлауынша, 1-2 сәуірде ауа температурасының жоғарылауына байланысты қардың қарқынды еруі мен таулы аймақтарда ағындардың қалыптасуы жалғасатын болады.

Белгілі болғандай, облыс аумағының 70 пайыздан астам бөлігінде әлі қар жатыр.

Фото: ШҚО ТЖД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу