ШҚО-да 145 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі
Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылы 145 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар құрылыс саласындағы бақылау күшейтіліп, жобалау мен салу процесі кезең-кезеңімен цифрландырылады. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО мәслихатының XXII сессиясында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Руфат Акрамов баяндама жасап, 2025 жылға арналған негізгі басымдықтармен таныстырды. Жиында басқарманың бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындылары мен алдағы стратегиялық жоспарлары жарияланды.
Биылғы алғашқы алты ай ішінде өңірде 145 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ретте құрылыс нысандарын уақытылы тапсыру мен жұмыс сапасын арттыру – басты міндеттердің бірі болып отыр. Қазіргі таңда басқарма үш негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: тұрғын үйді уақытылы тапсыру мониторингі, қала құрылысына мемлекеттік бақылау жүргізу және түрлі деңгейдегі бюджеттер арқылы қаржыландырылатын жобалар бойынша тапсырыс беруші ретіндегі функцияларды орындау.
Айта кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң күшіне енді. Бұл құжат 2024 жылғы 1 шілдеде қабылданған болатын. Сонымен қатар 2025 жылғы 9 қазандағы Қаржы министрінің бұйрығымен мемлекеттік сатып алуды жүргізудің жаңартылған ережелері де енгізілді. Осыған сәйкес, құрылыс саласына бірқатар жаңашылдықтар келді. Атап айтқанда, «кілт тапсыру» қағидаты енгізіліп, мердігер ұйымдарға жобалау мен құрылыс жүргізуден бастап, объектіні пайдалануға тапсыруға дейінгі барлық кезеңдер үшін жауапкершілік жүктеледі. Бұған қоса, қосалқы мердігерлерге рұқсат етілетін үлес 50%-дан 30%-ға дейін қысқартылды.
Басқарма басшысы Руфат Акрамов бұл шаралар құрылыс саласындағы ашықтықты арттырып, мердігер ұйымдардың жауапкершілігін күшейтуге және жобалардың сапалы жүзеге асуына септігін тигізетінін айтты. Оның сөзінше, жаңа тәсілдер құрылыс барысындағы барлық кезеңдерді – жобалаудан бастап тапсыруға дейінгі процесті қадағалауға мүмкіндік береді.
Қала құрылысы саласы да соңғы жылдары жүйелі өзгерістерді бастан өткеріп келеді. Басым бағыттардың қатарында елді мекендердің бас жоспарларын өзектендіру, жобаларды басқаруда заманауи цифрлық шешімдерді енгізу, сондай-ақ жаңа аумақтарды игеру мен оларды инженерлік инфрақұрылымға қосу мәселелері бойынша аудандық және қалалық әкімдіктермен тығыз жұмыс жүргізу бар. Цифрландыру арқылы ресурстарды үнемдеу мүмкін болып қана қоймай, жобаларды іске асыру барысында туындауы мүмкін тәуекелдер де азаяды.
Сонымен қатар басқарма басқа да уәкілетті органдармен тұрақты байланыста жұмыс істеп келеді. Жиі өткізіліп тұратын кеңестер барысында өңірдің негізгі нысандарына қатысты өзекті мәселелер, даму жоспарлары мен қиындықтар талқыланып отырады. Осындай жүйелі коммуникация кез келген туындаған сұрақты жедел шешіп, болашаққа нақты болжам жасауға сеп болады.
Дамир Омаров