Жүгенсіз жүрген төрт түлік жол қауіпсіздігіне қауіп төндіреді – полиция мал иелерін сақ болуға шақырады
Облыстық және республикалық маңыздағы жолдарда жүгенсіз жүрген төрт түліктің салдарынан жол-көлік оқиғалары жиі болады. Осындай оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция мал иелерін жануарларын қорғау шараларын қатаң сақтауға, қараусыз қалдырмауға шақырады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Өскемен қалалық полиция басқармасының «102» арнасына жергілікті тұрғыннан малының жоғалғандығы туралы хабарлама түскен. Ол 8 қарашадан бері Жаңа-Явленка ауылының маңындағы еркін жайылымда тұрған өзіне тиесілі 16 жылқының жоқ болып кеткендігін мәлімдеген.
Аталған оқиға бойынша полиция қызметкерлері дереу іздестіру шараларын ұйымдастырады. Қысқа мерзім ішінде жоғалған жылқылар табылып, иесіне аман-есен қайтарылды.
Осы ретте ішкі істер органы төрт түлік малдың қауіпсіздігіне қатысты барлық шараларды қатаң сақтауды ескертеді. Әсіресе, қыс мезгілінде, жануарларды еркін жайылымда немесе қараусыз қалдыру аса қауіпті. Суық ауа райы, қарлы боран, желдің қатты соғуы немесе көріністің нашарлауы олардың адасып, жоғалу қаупін арттырады.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін төрт түлікті арнайы жабдықталған қораларда немесе қауіпсіз орындарда ұстау маңызды. Оларға тұрақты бақылау жасап, сенімді қорғаныс ұйымдастыру қажет.
Полиция мал иелерін жауапкершілікпен қарауға шақырады. Естеріңізде болсын, сақтық – төрт түліктің амандығы мен иесінің тыныштығының кепілі.
Фото: ШҚО ПД




