ШҚО-да «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды
Шығыс Қазақстанның сайын даласы, көл мен өзенге бай табиғаты – тек өңірдің ғана емес, күллі елдің баға жетпес қазынасы. Осы табиғи байлықты сақтау мақсатында ШҚО аумағында «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шара өткізілді. Табиғат қорғау саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтап, заңсыз аң және балық аулауға, ағаш кесуге жол бермеуді көздеген бұл шара өңірдегі экологиялық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Бір айға созылған рейдтерге полиция қызметкерлерімен бірге орман шаруашылығы, балық инспекциясы және басқа да табиғат қорғау құрылымдарының мамандары жұмылдырылды. Осы уақыт аралығында 297 рейдтік тексеріс өткізіліп, аңшылық учаскелерінде, су айдындары мен өзен-көл маңында, көлік құралдарында және жануарлар өнімін қабылдау орындарында жан-жақты бақылау жүргізілді.
Нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 228 дерегі анықталды. Оның ішінде:
• 131 дерек – аңшылық ережелерін бұзу;
• 69 дерек – балық аулау қағидаларын сақтамау;
• 1 дерек – балық өнімдерін заңсыз тасымалдау;
• 4 дерек – жасыл желектерді рұқсатсыз кесу немесе зақымдау;
• 23 дерек – өзге де экологиялық құқықбұзушылықтар.
Іс-шараның ең ірі фактілерінің бірі – Зайсан көлінде екі азаматтың заңсыз балық аулап жатқан жерінен ұсталуымен байланысты. Олардың қайықтарынан 327 килограмм көксерке мен 17 килограмм табан табылып, тәркіленді. Табиғатқа келтірілген залал көлемі 1,6 млн теңгеден асты. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, кінәлілер жауапкершілікке тартылады.
Рейд барысында тек браконьерлікпен күрес қана емес, қаруды заңсыз сақтау мен пайдалану, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану кезінде табиғатқа келтірілетін зиянның алдын алу мәселелеріне де баса назар аударылды. Бұл – саланың кешенді бақылауды қажет ететінін көрсетеді.
ШҚО Полиция департаменті облыс тұрғындарын туған табиғатқа немқұрайды қарамауға, әрбір аң мен құстың, өзен-көлдегі әрбір тіршіліктің ортақ байлығымыз екенін ұмытпауға шақырады. Егер браконьерлік әрекеттердің куәсі болсаңыз, 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабар беру – азаматтық борыш.
Фото: ШҚО ПД






