KZ
Өскемен
-10°
небольшой снег жел 2 м/с, З
494.63 583.22 6.42

ШҚО сайлау комиссиясының төрағасы Кинугул Бичуинов: "Басты ұстаным – ашықтық пен әділдік"

5.02.2026, 14:00 123 Ержан Әбіш

Былтыр Шығыста электоралдық белсенділік аса жоғары болды. Өткен жылы облысымызда 61 ауыл әкімі сайланды, шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлаулар өтті. Жыл бойы сайлау комиссиялары заң талаптарын сақтай отырып, сайлау процесін сапалы ұйымдастыра алды ма? Барлық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес және уақытылы жүзеге асты ма? Осы және басқа да өзекті сауалдарға жауап алу мақсатында Altainews.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Кинугул Бичуиновпен жолығып, сұхбаттасқан еді.

– Кинугул Кашкенұлы, өзіңіз төрағалық етіп отырған облыстық сайлау комиссиясы өткен жылы қандай негізгі жұмыстарды жүргізді және оның нәтижелері қандай болды?

– Өткен жылы облыстық сайлау комиссиясының жұмысы жоспарға сай жүргізілді. 2025 жылы облыста 61 ауыл әкімі сайланды, оның ішінде, 42-сі – ауылдық әкімдердің өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты, 19-ы – өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, сондай-ақ шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына Өскемен қаласында, Зайсан, Шемонаиха аудандарында жекелеген сайлау округтері бойынша сайлау өткізілді. 

Облыстық сайлау комиссиясының барлық мүшесі және ауылдық-қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары және комиссия хатшылары кәсіби негізде істейтіндіктен өз бағыттары бойынша жүйелі және жоспарға сай жұмыстар атқарды.

– Жақсы. Ал, дауыс беру үй-жайларының жағдайын бақылау және сайлау науқандарын өткізу бойынша қандай жұмыстар атқарылды?

– Облыс аумағында жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл бекітілген жоспарлар аясында жүзеге асты. Жоспарға сәйкес сайлау учаскелеріндегі дауыс беру орындарының жай-күйіне мониторинг жүргізіліп, нысан иелері мемлекеттік бақылау органдарының (өрт қауіпсіздігі қызметі және құқық қорғау органдары) ескертулерін уақтылы жоюға міндеттелді. Сонымен қатар сайлау науқандары кезінде үгіт-насихат ережелерінің бұзылуын болдырмау, дауыс беру орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында құқық қорғау және арнайы органдармен бірлескен жұмыс жүргізілді. 

Жоспар аясында саяси партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен, белсенді өкілдерімен кездесулер өткізілді. Бұл кездесулер ауыл әкімдерінің, мәслихат депутаттарының сайлауларын өткізу барысында ұйымдастырылды.  

Кездесулерде кандидаттардың сенімді өкілдерінің және саяси партиялар байқаушыларының қызметі, оларды тіркеу тәртібі, дауыс беру үй-жайларындағы тәртіп ережелерін сақтау, сондай-ақ БАҚ-пен өзара іс-қимыл және материалдарды жариялау тәртібі талқыланды.

Электоралды кезеңдерде дауыс беру орындарын толық материалдық-техникалық қамту бойынша кешенді бірлескен жұмыстар жүргізілді. Жаңа маңдайшаларға, көрсеткіштерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған шақыру түймелерінің тұрақты түрде жұмыс істеп тұруына көңіл бөлінеді, пандустардың жағдайы да назарға алынған, басқа да инфрақұрылымдық жақсартулар жүргізілді.   

Түрлі форматтағы іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында жыл қорытындысы бойынша облыста жүзден аса бірлескен шаралар, жиналыстар, жергілікті атқарушы органдар басшыларымен кездесулер өткізілді. Нәтижесінде сайлау учаскелері толық материалдық-техникалық жабдықталып, сайлау кезінде заңдылық пен тәртіп сақталды. 

Электоралды кезеңдегі жұмыс сайлауға дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай жүргізілді. 

– Өзіңіз білесіз, 21-ші ғасыр – ақпарат ғасыры. Сайлау жариялылықты талап етеді. Осы ретте білейін дегенім, сайлау науқандарын сапалы өткізу үшін ақпараттық қолдау қалай қамтамасыз етілді?

– Былтыр сайлау кампанияларын және сайлау комиссиялары қызметін тиімді ақпараттық қолдау мақсатында арнайы жоспарлар негізінде тұрақты жұмыстар жүргізілді. 

Облыстық сайлау комиссиясының қызметін ақпараттық қамту аясында цифрландыру басқармасымен, республикалық және жергілікті БАҚ-пен тығыз байланыс орнатылды. 

Сайлау процесінің басты ұстанымы – ашықтық пен әділдік. Ашықтықты қамту мақсатында аумақтық сайлау комиссиялары сайлау заңының талабына сай ресми интернет-ресурстарда және баспасөзде сайлаудың тағайындалуы туралы ақпаратты, үміткерлерді ұсыну және тіркеу нәтижелерін, үгіт материалдарын жариялауға құқығы бар БАҚ-тар тізімін, үгіт материалдарына арналған орындар тізімін, кандидаттардың кездесу кестесін, сайлау қорытындысын, сайланған әкім не депутат туралы ақпаратты жариялады.

БАҚ-тағы жарияланымдарға тұрақты мониторинг жүргізіліп тұрады. 

Дауыс беру күні әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарға сайлау комиссиясы атынан түсіндірме пікірлер жазу ұйымдастырылады.

Заман талабына сай әлеуметтік желілерде де ресми парақшаларымыз ашылып, тиісті ақпараттар жарияланып тұрады.

– Кинугул Кашкенұлы, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың аккредитациясы қалай жүргізілді және референдумға қанша байқаушы қатысты?

– Өткен жылы төрт қоғамдық бірлестік аккредиттелді – «Қазақстанның болашағы үшін» Өскемен қалалық қоғамдық бірлестігі, «Шығыс Қазақстан облыстық жастар және балалар ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Шығыс Қазақстан жастар ақпараттық-талдау агенттігі» қоғамдық бірлестігі, «Жергілікті өзін-өзі басқару орталығы» қоғамдық қоры.

Жыл бойында ауыл әкімдерін сайлау кезінде аккредиттелген өңірлік қоғамдық бірлестіктерден 115 байқаушы қатысты: «Қазақстанның болашағы үшін» жастар қоғамдық бірлестігі 37 байқаушы, ШҚО «Жастар және балалар ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі 31 байқаушы, «ШҚО жастар ақпараттық-талдау агенттігі» қоғамдық бірлестігі 36 байқаушы, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігі 11 байқаушы ұсынды. 

– «Дүниежүзілік сайлау күні» атты датаға арналған іс-шаралар қандай форматтарда ұйымдастырылады және қанша адам қатысу жоспарланып отыр?

– Дүниежүзілік сайлау күні азаматтардың сайлау мәдениетін, құқықтық сауаттылығын және жауапкершілігін арттырудың маңызына назар аударады. Осы күні көптеген елдерде ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, дөңгелек үстелдер, дәрістер мен кездесулер ұйымдастырылып, әсіресе жастар арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталады.

Осы жылғы 26 қаңтар – 6 ақпан аралығында облыстың барлық аудандарында Дүниежүзілік сайлау күніне арналған іс-шаралар өткізіледі.

Биылғы іс-шаралар концепциясы Орталық сайлау комиссиясының стратегиялық принциптерімен үйлестірілген, олар іс-шаралар жоспарларының мазмұндық құрылымының негізіне алынған. Атап айтсақ, заң үстемдігі (26.01.2026 – 27.01.2026), тәуелсіздік (28.01.2026 – 29.01.2026), ашықтық (30.01.2026 – 02.02.2026), инклюзивтілік (03.02.2026 – 04.02.2026), кәсібилік пен алқалық (05.02.2026 – 06.02.2026).

Әрбір көрсетілген принципке екі күндік тақырыптық блок бөлінген, оның аясында өткізілетін барлық іс-шаралар оның мазмұнын, практикалық мәнін және сайлау процесіндегі институционалдық рөлін ашуға бағытталған. Мұндай тәсіл бағдарламаның логикасын, мазмұндық тұтастығын және сайлау жүйесінің қызметіндегі құндылықтық бағдарларды біркелкі түсінуді қамтамасыз етеді.

Облыс көлемінде 100-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып, оларға 25 мыңнан аса адамды қамту көзделуде. 

Дүниежүзілік сайлау күнін өткізу барысында жастар арасында көптеген кездесулер өткізіліп, еліміздің болашағы – жастардың, өздерінің сайлау құқықтарын білуге ерекше көңіл бөлінеді.

– «Жастарға баса көңіл аударылып отыр» деп атап өттіңіз, осы жайлы айта кетсеңіз?

– Өткен жылы барлық аудан-қалаларда және облыстық деңгейде Жас сайлаушылар клубтары құрылып, жұмыстары ұйымдастырылды. Жас сайлаушылар клубының басты мақсаты – жастар арасында электоралдық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық ұстанымдарын арттыру, сайлау туралы заңнаманы кеңінен түсіндіру, елімізде болып жатқан демократия жолындағы саяси реформаларды жастар арасында кеңінен тарату.

Биыл өткізіліп отырған Дүниежүзілік сайлаушылар күніне арналған іс-шаралар жастардың қызығушылығы бойынша ойластырылып отыр.

– Мәслихаттардың шығып қалған депутаттары орнына өткізілген сайлаулар қай күндері өтті және электоралдық оқыту қалай ұйымдастырылды?

– Шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау «Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес 2025 жылғы 30 наурызда және 26 қазанда өтті. Электоралдық оқыту жоспарына сай облыстық сайлау комиссиясы Өскемен қаласында және Зайсан, Шемонаиха аудандарында аудандық аумақтық комиссия мүшелерімен, округтік және учаскелік комиссия мүшелерімен көшпелі семинарлар өткізді. Семинарларда әртүрлі жағдаяттық кейстер қарастырылды, практикалық тапсырмалар талданды, кіріспе және қорытынды тест жүргізілді, қиындық тудыратын сұрақтар анықталып, қателермен жұмыс жүргізілді, каскадтық әдіс бойынша оқыту жүзеге асырылды. 

Барлық іс-шаралар жоспарға сай және белгіленген мерзімде өтті. Жұмыстың маңызды бағыты – сайлау процесіне қатысушыларды, оның ішінде сайлау комиссияларының жаңа мүшелерін, байқаушыларды және жас сайлаушыларды оқыту.

– Кинугул Кашкенұлы, ерекше қажеттілігі бар азаматтар аз емес. Аталған санаттың сайлау құқығын іске асыру үшін қандай шаралар қабылданды және тексерулер жүргізілді ме?

– Облыста барлық сайлау комиссиялары мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдап келеді. Жалпы сайлаушылардың ішінде 3022 адам – ерекше қажеттілігі бар азаматтар. 

ШҚО аумақтық сайлау комиссиясы жанынан мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығын қамту жөнінде топ құрылып, жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына есту, көру қабілеті шектеулі және арбамен жүретін азаматтар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері енді. Жұмыс тобы төрт отырыс өткізіп, түрлі деңгейдегі сайлауларға дайындық мәселесін қарастырды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар лауазымды тұлғаларының есептері тыңдалды. 

Өткен жылы ШҚО аумақтық сайлау комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен бірлесіп сайлау учаскелерінің қолжетімділігін мониторингтеу мақсатында 15 тексеру жүргізді. Оның 9-ы сайлау кезеңінде, алтауы сайлауаралық кезеңде ұйымдастырылды. 

Тексеру барысында сайлау учаскелеріндегі ғимараттардың жағдайы, жөндеу жұмыстарының бар-жоғы, пандустардың болуы, олардың еңіс бұрышының сәйкестігі, тактильді көрсеткіштердің, шақыру түймелерінің, тұтқалардың болуы, мүгедектігі бар азаматтарға кедергі келтіретін табалдырықтардың болмауы, материалдық-техникалық база және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін бұрыштар мен дауыс беру кабиналарының жабдықталуы зерделенді. 

Сайлау учаскелерінің түгендеу жұмысы жүргізілгеннен кейін учаскелер паспорттарына және Қолжетімділік картасына өзгерістер енгізілді. 

Жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара жұмыстар жүргізілуде. Дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар инватаксимен және ым тілі мамандарымен қамтамасыз етеді. 

– Аумақтық сайлау комиссияларына түскен өтініштер қалай қаралды және қандай есептер ұсынылды?

– Былтыр аумақтық сайлау комиссияларына жеке және заңды тұлғалардан 11 өтініш түсті. Барлығы заңда белгіленген мерзімде қаралды.  Облыстық сайлау комиссиясының 2025 жылға арналған жоспары толық орындалды.  2026 жылға да көп міндеттер қойылып отыр.

– Сұхбатыңызға рақмет! Қызметтеріңізге табыс тілейміз!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу