Басты ұстаным – ашықтық пен әділдік
Былтыр Шығыста электоралдық белсенділік аса жоғары болды. Өткен жылы облысымызда 19 ауыл әкімі сайланды, шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлаулар өтті, сондай-ақ республикалық референдум ұйымдастырылды. Жыл бойы сайлау комиссиялары заң талаптарын сақтай отырып, сайлау процесін сапалы ұйымдастыра алды ма? Барлық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес және уақытылы жүзеге асты ма? Осы және басқа да өзекті сауалдарға жауап алу мақсатында Altainews.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Кинугул Бичуиновпен жолығып, сұхбаттасқан еді.
– Кинугул Кашкенұлы, өзініз төрағалық етіп отырған облыстық сайлау комиссиясы өткен жылы қандай негізгі жұмыстарды жүргізді және оның нәтижелері қалай болды?
– Өткен жылы облыстық сайлау комиссиясының жұмысы жоспарға сай жүргізілді. 2024 жылы облыста 19 ауыл әкімі сайланды, оның ішінде 8 әкімнің өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына, 11 әкімнің өкілеттіктерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, сондай-ақ Өскемен қаласында, Алтай, Зайсан, Ұлан аудандарында жекелеген сайлау округтері бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлаулар және республикалық референдум өткізілді.
Облыстық сайлау комиссиясының барлық мүшесі және ауылдық, қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, төраға орынбасарлары, комиссия хатшылары кәсіби негізде істейтіндіктен өз бағыттары бойынша жүйелі әрі жоспарға сай жұмыстар атқарды.
Сайлау заңнамасына сәйкес облыстық аумақтық сайлау комиссиясының отырыстары тұрақты өткізіліп, тиісті хаттамалары рәсімделді. Былтыр барлығы отыздан аса отырыс өткізіліп, қырыққа жуық мәселе қаралды. Осылайша, ұйымдастырушылық жұмыс табысты жүргізіліп, комиссияның міндеттерін тиімді үйлестіруге және орындауға ықпал етті.
Апта сайын мәслихат депутаттары мен ауыл әкімдерін сайлау жоспарлары бойынша ахуалды жүйелі есепке алу және мониторинг жүргізу жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ комиссия құрамынан шыққан мүшелердің орнын толтыру жөніндегі жұмыстар үйлестірілді.
Жыл бойы қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссияларына құжаттаманы дұрыс рәсімдеу бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп тұрады.
– Түсінікті. Ал, дауыс беру орындарының жай-күйін бақылау және сайлау науқандарын өткізу бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– Облыс аумағында жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл бекітілген жоспарлар аясында жүзеге асты. Жоспарға сәйкес сайлау учаскелеріндегі дауыс беру орындарының жай-күйіне мониторинг жүргізіліп, нысан иелері мемлекеттік бақылау органдарының (өрт қауіпсіздігі қызметі және құқық қорғау органдары) ескертулерін уақтылы жоюға міндеттелді. Сонымен қатар сайлау науқандары кезінде үгіт-насихат ережелерінің бұзылуын болдырмау, дауыс беру орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында құқық қорғау және арнайы органдармен бірлескен жұмыс жүргізілді.
Жоспар аясында саяси партиялардың және қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен, белсенді өкілдерімен кездесулер өткізілді. Бұл кездесулер ауыл әкімдерін, мәслихат депутаттарын сайлау және республикалық референдум өткізу барысында ұйымдастырылды.
Кездесулерде кандидаттардың сенімді өкілдері мен саяси партиялар байқаушыларының қызметі, оларды тіркеу тәртібі, дауыс беру орынжайларындағы тәртіп ережелерін сақтау, сондай-ақ БАҚ-пен өзара іс-қимыл және материалдарды жариялау тәртібі талқыланды.
Электоралды кезеңдерде дауыс беру орындарын толық материалдық-техникалық қамту бойынша кешенді бірлескен жұмыстар жүргізілді. Жаңа маңдайшалар, көрсеткіштер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған шақыру түймелері орнатылды, кіру есіктері жарықтандырылды, пандустар салынды, басқа да инфрақұрылымдық жақсартулар жүргізілді.
Түрлі форматтағы іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында облыста жүзден аса бірлескен шаралар, жиналыстар, жергілікті атқарушы органдар басшыларымен кездесулер өткізілді. Нәтижесінде сайлау учаскелері толық материалдық-техникалық жабдықталып, сайлау кезінде заңдылық пен тәртіп сақталды.
Электоралды кезеңдегі жұмыс сайлау мен референдумға дайындық және оны өткізу жөніндегі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай жүргізілді.
– Тағы бір маңызды іс бар. Ол – сайлаушылардың мекенжай деректерін нақтылау, мәліметтер базасын өзектілендіру. Осы бір күрделі жұмыстар қалай ұйымдастырылды?
– Қаңтар-қыркүйек айларында мекенжайдың тіркеу кодтарын өзектілендіру және сайлаушыларға сайлау учаскелерінің нөмірлерін беру жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар сайлау учаскесінің нөмірі дұрыс көрсетілмеген сайлаушылардың деректерін нақтылау, мекенжайлық тіркеу базасындағы мәліметтерді сәйкестендіру және сайлау учаскелеріне тіркелмеген сайлаушылармен жұмыстар атқарылды.
Бұл жұмыстарды үйлестіру үшін жергілікті атқарушы органдар мен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының өкілдерінен тұратын топ құрылды. Аталған топ әкімдік аппараттарының басшыларымен, құрылыс бөлімдерімен, аумақтық сайлау комиссияларымен бірге онлайн форматта жеті жиналыс өткізді. Кездесулерде сайлау процесіне қатысты мәліметтерді уақытылы және дұрыс толтыру мәселесі қаралды. Сайлау учаскелерінің нөмірі қате көрсетілген сайлаушылардың деректері нақтыланып, жаңартылған мәліметтер «Сайлау» автоматты ақпараттық жүйесіне енгізілді, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясына жолданды.
Жыл бойында аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін онға жуық облыстық деңгейдегі оқыту семинары ұйымдастырылды. Сонымен қатар жыл бойы жаңа аудандарда, оның ішінде Үлкен Нарын, Марқакөл, Катонқарағай, Күршім және басқа да өңірлерде көшпелі семинарлар өтті.
Оқыту барысында түрлі тақырыптарда практикалық сабақтар, тренингтер ұйымдастырылып, сайлау күні аумақтық сайлау комиссияларының барлық іс-әрекетін тәжірибелік тұрғыда пысықтауға көңіл бөлінді. Семинарлар кейс-тренингтер форматында өтті. Сонымен қатар сайлауды ұйымдастыру және өткізу, сайлау заңнамасын бұзу жағдайлары, сондай-ақ сайлау күні кездесетін стандартты емес жағдайларды шешу мәселелері талқыланды.
Ел Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жарлығымен былтырғы 6 қазанда атом электр станциясын салу бойынша республикалық референдум өткізу белгіленді. Сайлаушылар туралы мәліметтердің өзектілігі мен дұрыстығын бақылау мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп сайлаушылар тізімі жаңартылды. Әр азамат референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті жергілікті атқарушы органға сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы болды.
– Өзіңіз білесіз, 21-ші ғасыр – ақпарат ғасыры. Сайлау жариялылықты талап етеді. Осы ретте білейін дегенім, сайлау науқандарын сапалы өткізу үшін ақпараттық қолдау қалай қамтамасыз етілді?
– Өткен жылы сайлау кампанияларын және сайлау комиссиялары қызметін тиімді ақпараттық қолдау мақсатында арнайы жоспарлар негізінде тұрақты жұмыстар жүргізіліп, есептік ақпараттар Орталық сайлау комиссиясына уақтылы жолданды.
Облыстық сайлау комиссиясының қызметін ақпараттық қамту аясында цифрландыру басқармасымен, республикалық және жергілікті БАҚ-пен тығыз байланыс орнатылды.
Сайлау процесінің басты ұстанымы – ашықтық пен әділдік. Ашықтықты қамту мақсатында аумақтық сайлау комиссиялары сайлау заңының талабына сай ресми интернет-ресурстарда және баспасөзде сайлаудың тағайындалуы туралы ақпаратты, үміткерлерді ұсыну және тіркеу нәтижелерін, үгіт материалдарын жариялауға құқығы бар БАҚ-тар тізімін, үгіт материалдарына арналған орындар тізімін, кандидаттардың кездесу кестесін, сайлау қорытындысын, сайланған әкімдер не депутаттар туралы ақпаратты жариялады.
БАҚ-тағы жарияланымдарға тұрақты мониторинг жүргізіліп, апта сайын шолу және сілтемелері бар есеп жауапты мамандарға жолданып отырды.
Дауыс беру күні теріс ақпараттарға жедел әрекет ету мақсатында ішкі саясат басқармасымен бірлесіп мониторинг ұйымдастырылып, түсіндірме сипатындағы комментарийлер дер кезінде жарияланды.
Заман талабына сай әлеуметтік желілерде де ресми парақшаларымыз ашылып, тиісті ақпараттар жарияланып тұрады.
– Кинугул Кашкенұлы, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың аккредитациясы қалай жүргізілді және референдумға қанша байқаушы қатысты?
– Өткен жылы төрт қоғамдық бірлестік аккредиттелді – «Қазақстанның болашағы үшін» Өскемен қалалық қоғамдық бірлестігі, «Шығыс Қазақстан облыстық жастар және балалар ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі, «Шығыс Қазақстан жастар ақпараттық-талдау агенттігі» қоғамдық бірлестігі, «Жергілікті өзін-өзі басқару орталығы» қоғамдық қоры.
Мәселен, референдумға аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден 991 байқаушы қатысты. Олардың 313-і республикалық қоғамдық бірлестіктерден, 673-і өңірлік қоғамдық бірлестіктерден болды. Республикалық қоғамдық бірлестіктерден «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы 234 байқаушы, «Ел дауысы» қоғамдық қоры 64 байқаушы, «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігі 6 байқаушы, «Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық қоры 9 байқаушы жіберді. Өңірлік қоғамдық бірлестіктерден «Қазақстанның болашағы үшін» жастар қоғамдық бірлестігі 165 байқаушы, ШҚО «Жастар және балалар ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі 138 байқаушы, «ШҚО жастар ақпараттық-талдау агенттігі» қоғамдық бірлестігі 171 байқаушы, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігі 204 байқаушы ұсынды.
Орта есеппен әр сайлау учаскесінде екі байқаушыдан болды.
– «Дүниежүзілік сайлау күні» атты датаға арналған іс-шаралар қандай форматтарда ұйымдастырылды және оларға қанша адам қатысты?
– Былтырғы 22 қаңтар мен 2 ақпан аралығында облыстың барлық аудандарында Дүниежүзілік сайлау күніне арналған іс-шаралар өтті. Осы шараларға ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде ақпараттық қолдау көрсетілді, сондай-ақ сайлаудың маңызын насихаттау мақсатында презентациялар, ақпараттық материалдар дайындалды.
Іс-шаралар кездесу, викторина, салтанатты жиын, дөңгелек үстел, іскерлік ойын, эссе, сурет байқауы сияқты форматтарда өтті.
Облыс көлемінде қырықтан аса іс-шара өтіп, оларға мыңнан астам адам қатысты.
Дүниежүзілік сайлау күнін өткізу барысында жастар арасында көптеген кездесулер өткізіліп, еліміздің болашағы – жастардың, өздерінің сайлау құқықтарын білуге ерекше көңіл бөлінеді.
– Мәслихаттардың шығып қалған депутаттары орнына өткізілген қосымша сайлаулар қай күндері өтті және электоралдық оқыту қалай ұйымдастырылды?
– Шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау 2024 жылғы 31 наурызда және 8 желтоқсанда өтті. Электоралдық оқыту жоспарына сай облыстық сайлау комиссиясы Өскеменде және Алтай, Зайсан, Ұлан аудандарында аудандық аумақтық комиссия мүшелерімен, округтік және учаскелік комиссия мүшелерімен көшпелі семинарлар өткізді. Семинарларда түрлі жағдаяттық кейстер қарастырылды, практикалық тапсырмалар талданды, кіріспе және қорытынды тест алынды, қиындық тудыратын сұрақтар анықталып, қателермен жұмыс жүргізілді, каскадтық әдіс бойынша оқыту жүзеге асырылды.
Референдумды ұйымдастыру барысында 13 аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссиясында оқыту семинарлары ұйымдастырылды.
Барлық іс-шаралар жоспарға сай және белгіленген мерзімде өтті. Жұмыстың маңызды бағыты – сайлау процесіне қатысушыларды, оның ішінде сайлау комиссияларының жаңа мүшелерін, байқаушыларды және жас сайлаушыларды оқыту. Жергілікті атқарушы органдармен, білім беру мекемелерімен өзара іс-қимыл орнатылды.
– Кинугул Кашкенұлы, ерекше қажеттілігі бар азаматтар аз емес. Аталған санаттың сайлау құқығын іске асыру үшін қандай шаралар қабылданды және осы ретте арнайы тексерулер жүргізілді ме?
– Иә, облыста барлық сайлау комиссиялары мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдап келеді. Жалпы, сайлаушылардың ішінде 2160 адам – ерекше қажеттілігі бар азаматтар.
ШҚО аумақтық сайлау комиссиясы жанынан мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқығын қамту жөнінде топ құрылып, жұмыс істеп жатыр. Оның құрамына есту, көру қабілеті шектеулі және арбамен жүретін азаматтар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері енді. Жұмыс тобы төрт отырыс өткізіп, түрлі деңгейдегі сайлауларға дайындық мәселесін қарастырды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардағы лауазымды тұлғалардың есептері тыңдалды.
Өткен жылы ШҚО аумақтық сайлау комиссиясы жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен бірлесіп, сайлау учаскелерінің қолжетімділігін мониторингтеу мақсатында 16 тексеру жүргізді. Оның 14-і сайлау кезеңінде, екеуі сайлауаралық кезеңде ұйымдастырылды.
Тексеру барысында сайлау учаскелеріндегі ғимараттардың жағдайы, жөндеу жұмыстарының бар-жоғы, пандустардың болуы, олардың еңіс бұрышының сәйкестігі, тактильді көрсеткіштердің, шақыру түймелерінің, тұтқалардың болуы, мүгедектігі бар азаматтарға кедергі келтіретін табалдырықтардың болмауы, материалдық-техникалық база және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін бұрыштар мен дауыс беру кабиналарының жабдықталуы зерделенді.
Сайлау учаскелерінің инвентаризациясы жүргізілгеннен кейін учаскелер паспорттарына және Қолжетімділік картасына өзгерістер енгізілді.
Жергілікті атқарушы органдармен тығыз өзара жұмыстар жүргізіліп, олар дауыс беру күні инва-таксимен және ым тілі мамандарымен қамтамасыз етті.
– Жалпы, өткен жылы аумақтық сайлау комиссияларына түскен өтініштер қалай қаралып, қандай есептер ұсынылды?
– Былтыр аумақтық сайлау комиссияларына жеке және заңды тұлғалардан 17 өтініш түсті. Барлығы заңда белгіленген мерзімде қаралды. Өтініштер мен сотқа берілген талаптар жөніндегі ақпарат апта сайын Орталық сайлау комиссиясының заң бөліміне жолданды.
Облыстық сайлау комиссиясының 2024 жылға арналған жоспары толық орындалды. Осы жылға да көп міндеттер қойылып отыр.
– Сұхбатыңызға рақмет! Қызметтеріңізге табыс тілейміз!
Әзірлеген – Ержан Әбіш