KZ
Өскемен
пасмурно жел 2 м/с, В
494.63 583.22 6.42

ШҚО-да дәрігерлер биіктен құлаған науқасқа бес сағат бойы ота жасады

Кеше, 17:00 105 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған Өскемен қаласының 30 жастағы тұрғынына аса күрделі операция сәтті жасалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Науқаста жамбас сүйектерінің бірнеше жерден сынуы және сол жақ сан сүйегі басының шығуы анықталған. Әйел адам екі апта бойы басқа медициналық ұйымның қарауында болып, сол жерде дәрігерлер оның жалпы жағдайын тұрақтандырған. Осыдан кейін жоғары технологиялық хирургиялық операция жасау үшін науқас Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасына ауыстырылды.

Жамбас сүйектерінің сынуы травматология саласындағы ең ауыр жарақаттардың қатарына жатады. Жамбас аймағына жасалатын операциялар аса күрделі саналады, себебі бұл қуыс ішінде көптеген өмірлік маңызы бар ағзалар мен ірі қан тамырлары орналасқан. Олардың зақымдануы ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Мұндай хирургиялық араласуларды жүргізу жоғары біліктілікті, мол тәжірибені және медициналық мекеменің техникалық жағынан толық жабдықталуын талап етеді. Шығыс Қазақстан облысында мұндай операциялар тек облыстық ауруханада ғана жасалады.

Хирургиялық араласуды ШҚ облыстық ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Думан Бакербеков пен травматолог-ортопед дәрігер Сергей Ерыгин жүргізді. Жарақаттың ауырлығын ескере отырып, операцияға Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Қуаныш Қасымов та тартылды.

Операция бес сағаттан астам уақытқа созылды. Хирургиялық араласу барысында дәрігерлер барлық сүйек сынықтарын анатомо-физиологиялық тұрғыдан дұрыс қалыпқа келтіріп, оларды арнайы пластиналар мен бұрандалар арқылы бекітті.

Операция сәтті өтті. Хирургиялық араласудан кейін оныншы күні науқас үйіне шығарылды.

«Алдағы 1,5-2 ай бойы әйел адамға белсенді төсек режимі ұсынылады: төсекте аударылуға, жеңіл қозғалыстар жасауға және өз-өзіне қызмет көрсетуге рұқсат етіледі. Төртінші аптадан бастап отыруға, алтыншы аптада толық отырып отыруға, ал тоғызыншы аптадан бастап балдақтың көмегімен жүруге болады. Оң аяққа толық салмақ салуға 3,5 айдан ерте рұқсат етілмейді. Сонымен қатар науқасқа ұсынылған емдік қимыл-қозғалыстар кешенін қатаң сақтау қажет. Дәрігерлердің болжамы бойынша, тұрақты бақылау тексерістерінен өтіп, барлық медициналық ұсыныстарды дәл орындаған жағдайда әйел адам шамамен операциядан кейін алты ай өткен соң қалыпты өмір салтына орала алады», — деді ШҚ облыстық ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері Сергей Ерыгин.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу