ШҚО-да дәрігерлер 90 жастағы науқасқа эндопротез орнатты
Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер 90 жастағы науқасқа сәтті ота жасап, оның қайтадан өздігінен қозғалуына мүмкіндік берді. Егде жастағы әйел жамбас сүйегінің мойын бөлігін сындырып алғанымен, дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында төсекке таңылып қалмай, аяғынан тұрып кетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жамбас сүйегінің сынуы – егде жастағы адамдар арасында жиі кездесетін әрі аса қауіпті жарақаттардың бірі. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының травматологтарына облыс аудандарының бірінде тұратын 90 жастағы тұрғын жүгінген. Ол бір апта бұрын құлап, жамбас сүйегінің мойнын сындырып алған.
Дәрігерлердің айтуынша, науқас жарақат алғанға дейін жасына қарамастан белсенді әрі сергек өмір салтын ұстанған.
Отадан кейінгі нәтижелер де көңіл қуантарлық болды. Науқас операциядан кейінгі келесі күні-ақ өздігінен тұра бастаған. Ал бесінші күні жағдайы жақсарып, үйіне шығарылды.
Маманның айтуынша, көп жағдайда науқастың жасы эндопротез орнатуға тікелей кедергі бола алмайды. Керісінше, мұндай ота ұзақ уақыт төсекте жатудан туындайтын ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі.
Дегенмен, ота жасау мүмкін болмайтын немесе аса қауіпті саналатын жағдайлар да кездеседі. Олардың қатарына:
– науқастың жалпы жағдайы өте ауыр болғанда (жүрек, өкпе немесе бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр түрлері);
– қан кету қаупі жоғары болып, қан сұйылтатын дәрілерді тоқтату мүмкін болмаған жағдайда;
– ауыр деменция немесе операциядан кейінгі режимді сақтай алмайтын жағдайлар;
– жарақатқа дейін-ақ толық қозғалыссыз жатқан науқастар (бұл жағдайда ота өмір сапасын жақсартпайды, ал қауіп жоғары болады) жатады.
– Мұндай жағдайларда операция кезінде немесе одан кейінгі өлім қаупі консервативті емге қарағанда жоғары болуы мүмкін. Бірақ егер науқастың қайта жүріп кетуіне мүмкіндік бар болса, біз сол мүмкіндікті беруге әрдайым тырысамыз, – деп атап өтті Мейірхан Атудинов.
Дәрігерлер бұл жағдай егде жастағы адамдарға дер кезінде әрі дұрыс медициналық көмек көрсетілсе, олардың да белсенді өмірге қайта оралуына болатынын дәлелдейтін нақты мысал екенін айтады.
Фото: ШҚО облыстық ауруханасы
Елизавета Седых