KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
498.34 519.72 4.85

Президент жолдардың маңыздылығын ерекше атап өтті

23.10.2024, 17:00 150 Төлеуғазы Жансая

Республика күніне орай мемлекеттік наградаларды тапсыру салтанатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстарға ерекше тоқталды. Бұл жұмыстар «Әділетті Қазақстан» экономикалық бағыты аясында жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде жаңа энергетикалық, көліктік және индустриялық жүйе құрылып жатыр.

«Бес жыл бұрын мен Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салуды тапсырдым. Бұрын адамдар бұл бөгеттен тек паром арқылы немесе қыста мұз үстімен өтетін, бұл өте қолайсыз еді. Енді бұл мәселе шешілді. Көпір құрылысы аяқталып, бірнеше күн бұрын ресми түрде ашылды. Қазақстандағы ең ұзын көпір шекара маңындағы аудандарды транзиттік өңірлерге айналдырып, Қытай мен Ресей арасындағы қысқа көлік дәлізін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл ауқымды нысан Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданын байланыстырады. Жақсы жолдар – халықтың әл-ауқатының кепілі. Мен бұл мәселеге айрықша мән беремін», – деп атап өтті Президент.

Сондай-ақ, Тоқаев биыл елімізде 12 мың шақырым автожол салынып, жөнделіп жатқанын атап өтті. Әсіресе, өңірлердегі жолдардың сапасын жақсарту ерекше назарда. Мысалы, Батыс Қазақстанда кеңес заманынан бері қараусыз қалған жолдар бар. «Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы» автожолы осы жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, әуе қатынасын жақсарту бойынша жұмыстар жүргізілуде, жақын арада Қызылорда мен Шымкент әуежайларында жаңа халықаралық терминалдар ашылады.

Президент сөзінің жалғасында еліміздегі экономиканы әртараптандыруға бағытталған кешенді шараларға тоқталды. Биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 17,8 миллиард доллардан асты, оның үштен бірінен астамын жоғары технологиялық өнімдер құрайды. Қазіргі таңда Қазақстанда 17 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу