Бұқтырмадағы көпір құрылысы қашан аяқталады?
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы 2024 жылдың соңында аяқталуы керек.
Өңірге іссапармен келген Көлік министрі Марат Қарабаев құрылыс жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Айта кетсек, 2021 жылы Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша ШҚО-ның Күршім ауданында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы басталған еді. Көпір 2 жолақты болады, ұзындығы – 1316 метр , ені - 12,2 метр.
Бүгінде көпір құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр.
Марат Қарабаев нысанды салып жатқан мердігер компанияның өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Министр көпірдің құрылысы 2024 жылдың қазан-қараша айларында аяқталуы керек екенін атап өтті.