Биыл Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталықта соңғы 42 жылда алғаш рет күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аурухана 1982 жылдан бастап пайдалануға берілгенімен, содан бері мұнда ешқашан кең ауқымды құрылыс жұмыстары болмаған. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов медициналық орталықта болып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда емдеу мекемесінің желдету және электр жүйелері, инженерлік желілері толығымен жаңартылуда. Урология бөлімшесі мен стационар ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар “Казцинк” компаниясының қолдауымен гинекология бөлімі де қайта жабдықталып, қазіргі заман талаптарына сай жаңғыртылды.
- Медициналық қызмет сапасын арттыру үшін орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, видеоэндоскопиялық жүйелер мен жаңа компьютерлік томограф сатып алынуда. Жергілікті бюджет есебінен 50 млн теңге бөлініп, урология, гинекология және травматология бөлімшелері 100 төсек-орынмен жабдықталды. Бұл жұмыстар пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасын айтарлықтай жақсартып, дәрігерлердің өз міндеттерін тиімді орындауына мүмкіндік береді. Облысымыздың денсаулық сақтау саласын дамытуға алдағы уақытта да баса назар аударамыз, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Орталықтағы жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде урология бөлімінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа операциялық бөлме ашылды.
– Бұл жерде жоғары технологиялы оталар жасалуда. Мәселен, бізде ретроградтық интраренальды хирургия әдісі қолданылады, яғни ешқандай тіліксіз, рентген мен УДЗ бақылауымен бүйрекке несеп жолдары арқылы еніп, екі-үш сантиметрге дейінгі тастарды үгітіп, алып тастаймыз. Мұндай операция түрі Астана мен Алматы қалаларында және бізде ғана жасалады. Абай облысында да, Павлодар мен Талдықорғанда да отаның бұл түрі жасалмайды. Біздің мамандар А санатындағы ең білікті дәрігерлер болып саналады. Бөлме қабырғалары рентген сәулесін өткізбейтін материалдармен қапталған, сондықтан науқастар үшін қауіпсіз. Бұрын шығысқазақстандықтар осындай оталарды жасату үшін үлкен қалаларға баратын. Енді қызметтің бұл түрі өзімізде де қолжетімді,– дейді урология бөлімінің меңгерушісі Аслан Нұрғалиев.
Сонымен қатар палаталарға таяуда ғана жаңа төсек-орындар мен сапалы матрастар алынған. Пациенттердің көңіл-күйлері де жақсарған.
– Бүгін науқастардан «қалай ұйықтадыңыздар?» деп сұрасам, бәрі алғыстарын айтты, – деді ол.
Көп жылдан бері осы орталықта ем қабылдап жүрген Гүлай Алуетова медициналық мекеменің бүгінгі жағдайына ерекше ризашылығын жеткізді.
– Мен бұл ауруханада 2007 жылдан бері урология бөлімінің дәрігерлерінің бақылауында келемін. Ол кезде жағдай мүлде басқаша болатын. Дәрігерлер өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Ешқандай жағдай жасалмағанымен, науқастардың өмірін сақтап қалу үшін барын салды. Қазір аурухананы көріп, қуанышымда шек жоқ. Бөлмелер, төсек-орындар жаңарған, жағдай мүлде басқа. Бүгін түнде бәріміз тынығып, жақсы ұйықтадық. Осындай қолдау көрсеткен облыс әкіміне, бас дәрігерге және осында еңбек етіп жүрген барлық мамандарға алғысым шексіз, – дейді ол.
Қазір орталықтың басқа бөлімдерінде де жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
- Ешқандай қиындық жоқ. Барлығы жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Алдағы уақытта бесінші және төртінші қабаттардағы жөндеуді аяқтап, наурыз айына дейін барлық жұмыстарды толық бітіруді жоспарлап отырмыз, – деді учаске шебері Амангелді Сембинов.
Облыс әкімі де мердігерлерге жұмысты уақтылы әрі сапалы аяқтау керектігін ескертіп өтті.
– Егер қаржыландыру немесе өзге де мәселелер туындаса, оны ертерек айту керек. Біз көмек көрсетеміз. Ең бастысы – ауруханаға келетін науқастарға сапалы әрі дер кезінде қызмет көрсетілуі тиіс. Сондықтан жөндеу жұмыстары қатаң бақылауда болады, – деді ол.
Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовқа орталықтың ауласын абаттандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмауды қатаң тапсырды. Ауруханада жатқан науқастарға далаға шығып, таза ауа жұтуға, серуендеуге қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс.
Осылайша, 42 жыл бойы жөндеу көрмеген медициналық орталықтың қайта жаңғыруы өңір тұрғындары үшін үлкен қолдау болмақ. Заманауи құрал-жабдықтар, жаңа операциялық блоктар мен жаңартылған палаталар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, науқастардың да сапалы ем алуына жол ашады.
Айна Бакимбаева
Фото: Махаббат Ахметжанова
Видео: Жәнібек Серік